Қызметіміз үшін үш-төрт есе ақша ұсынып жатқандар бар – барбершоп қожайыны

Автор: Azattyq Rýhy

Карантин кезіндегі сұлулық салондары

Карантинге жабылған ірі қалаларда мейрамхана мен ірі сауда дүкендерінен бөлек, халыққа қызмет көрсететін шаштараз, сұлулық салондары толықтай өз жұмысын тоқтатты. Сән салондарының жабылып қалуы қыздардан бұрын, ер азаматтарға оңай тиіп жатқан жоқ. Себебі, қыз-келіншектер көп процедураларды үй жағдайында өздері жасап жатса, шаштары өсіп кеткен қазақстандық ер азаматтар желіде «тақырбастар» челленджін бастап кетті.

Azattyq Ruhy тілшісі бірнеше астаналық сән салоны шеберлерімен сөйлесіп, карантин кезіндегі олардың қалай өмір сүріп жатқанын біліп көрген еді.

Владимир Чагай – елордадағы ерлерге арналған барбершоп қожайыны. Бүгінде оның қоластында жалпы саны 12 қызметкері бар. Айтуынша, олар 26-шы наурыздан кейін жұмыстарын толық тоқтатқан.

«Шеберлерімді уақытша жұмыстан босаттым. Бәрінің бала-шағасы, пәтерақысы бар болғандықтан, жарты айлық жалақыларын бердім. Негізі, шеберлердің барлығы пайызға жұмыс істеп, ақшаларын күн сайын алып отыратын. 26-шы наурыздан бастап толықтай жұмыс істеуді қойдық. Наурыз айы үшін жалға алып отырған орнымызға толықтай ақша төледім, сәуір айына төлемейміз. Қожайын да жағдайды көріп отыр», - дейді ол.

Владимир тұрақты клиенттер карантинге қарамастан үйлеріне шақыруларын қояр емес дейді.

«Әлі күнге дейін тұрақты клиенттер хабарласып, үйлеріне баруға ұсыныс жасап жатыр. Тіпті, қызметіміз үшін бұрынғыдан үш-төрт есе ақша ұсынғандар да бар. Қызметкерлерге арналған чатта кейбір пәтер жалдап тұратын қыздар ақшаларының таусылғанын айтып, «жасырын барып тұрайық» деген ұсыныс айтқан болатын. Бірақ біз тек «VIP-клиенттерге» қызмет көрсететін болғандықтан, рұқсат бермедім. Жасыратыны жоқ, коронавирус жұқтырғандардың көпшілігі байлар мен шетелден оралғандар. Сол себепті, тәуекелге бармаған дұрыс. Бір айда ешкім аштан өле қоймас, денсаулықтан маңызды ештеңе жоқ», - дейді сән салонының басшысы.

Айта кететіні, «тақырбастар» челленджін елімізге белгілі өнер адамдары мен журналистер де қолдаған. Олардың қатарында «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, белгілі ақын Маралтай Райымбек, тележүргізуші Олжас Сыдық, актер Нұркен Өтеуілов, «Жігіттер» тобының әншісі Ердос Қанаев және басқалары бар.

Ал қыздарға маникюр мен шугаринг жасайтын «Sky Nai1» сән салонының шебері Жазира Тұрысбекова басқа салондағы кейбір таныс шеберлер жақсы танитын адамдарын бір-бірден үйде қабылдап жатқанын айтып қалды.

«Мен танитын шугаринг шеберлерінің тұрақты клиенттерін маска, қолғаппен жеке-жеке қабылдап жатқанын естідім. Мынандай қиын жағдайда ешкімге оңай соғып жатқан жоқ. Күйеуім екеуміздің өз пәтеріміз болған соң, бізге аз да болсын жеңілірек болып жатыр. Пәтерде тұратын басқа қыздарға қиын. Оның үстіне, Нұр-Сұлтанда бәрі қымбат екенін білесіз. Қанша қауіпсіздік деп айтқанымен, бәріне бала-шаға бағу керек. Маған да хабарласып жатқан клиенттер бар. Бірақ кімнің қайда барғанын білмейміз ғой. Аяқ астынан жұқтырып алуға қорқасың. Жалпы, карантин режімін қатаң сақтаған дұрыс»,- деді ол.

Жазираның айтуынша, салонға қажетті заттарды бұрыннан барып жүрген дүкендерге арнайы тапсырыспен, үйге алдыруға болады. Ал «тырнағым өсіп кетті, шугаринг қажет» деген қыз-келіншектерге шеберліктерін шыңдап, жаңа дүниелерді игеруге таптырмайтын уақыт каратин дейді ол.

«Өтірік айтпай-ақ қояйын, маған тәулігіне кемі 2 клиент жазады. Бәрінің айтатыны «тырнағым өсіп кетті, шугаринг жасату керек». Тіпті, кейбір клиенттер қызмет құнын 3-4 есе артық төлейтіндерін айтып, түрлі ұсыныстар тастауда. Маникюрді мен әдетте 5 мың  теңгеге жасаймын, алдында бір келіншек 15 мың теңгеге жасауымды өтінді. Одан бөлек, таксиімнің ақшасын төлеймін деді.

Ақша қазір кімге керек емес, ойланып бара салайын деген бір сәттік ой болды, кейін денсаулығымды ойлап, райымнан қайттым. Салонға асығатын қыздарға айтарым, карантин біткенше сәл шыдай тұрыңыздар. Болмаса YouTube желісінде үй жағдайында тырнақты қалай шешу қажет, шугаринг қалай жасау қажеттігі туралы видеолар толып тұр. Соларды көріп, жаңа дүниелерді игеріңіздер. Карантин - бос уақытты жеке күтіміңізге арнауға таптырмайтын уақыт», - дейді ол.

Аталған салон қызметкерлерінің ешқайсысы да мемлекеттен шағын және орта бизнеске бөлініп жатқан жеңілдіктерді қарастырмаған. Карантин сәуір айының соңында аяқталады деп сенім артып отырған салон қызметкерлері қайта жұмысқа шықсақ, барлық шығындарымызды өтеп аламыз дейді.

«Мен салонның бір бұрышын жалға алып жұмыс істеймін. Сондықтан мемлекеттен бөлінетін көмектерге үміттенген де емеспін. Карантин біткеннен кейін, келушілердің саны күрт өсейін деп тұр. Тіпті, кейбір пысық қыздар қазірден бастап процедураларға алдын ала жазылып жатыр. Салон басшысы да жеңілдігі бар түрлі сертификаттарды қазірден ұсынуда. Әркім шамасы жеткенше мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысып жатыр»,- деп аяқтады ол әңгімесін.

Айта кететіні, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында сән салондарының жұмысына  22-ші наурыздан бастап толықтай тыйым салынды. Оған дейін сән салондарына маска мен қолғапсыз кіруге болмайтыны туралы ескерту ғана айтылған.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан