$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қисынсыз әңгімені қоздата берудің жөні жоқ – Аманжол Әлтай

Депутат әділеттіліктің айқын үлгісі ретінде «Бір мерзім — бір Президент» қағидасы Конституцияда нақты шегенделді деді

Қисынсыз әңгімені қоздата берудің жөні жоқ – Аманжол Әлтай
Фото: Л. Гумилев атындағы ЕҰУ

Мемлекет басшысының сүбелі сұхбатынан кейін қоғам қайраткерлері, депутаттар, сарапшылар оны талдап, ой-пікірлерін білдіріп жатыр. Бұл ретте, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай қаңқу әңгімеге нүкте қойылғанын Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Әлеуметтік желіде желдей есіп, ел ішін дүрліктіруге бағытталған «2026 жылы сайлауға түсетін көрінеді» деген қаңқу әңгіменің жалған екенін айқындап, Президенттің өзі нүктесін қойды. Ендігі жерде қисынсыз әңгімені қоздата берудің жөні жоқ»,- деді Аманжол Әлтай.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының бұл қадамы — өзге елдерге өнеге, кейінгі буынға сабақ боларлық аса маңызды шешім.

«Себебі жоғарғы биліктегі монополия, кландық биліктің тамыр жаюы, мемлекет байлығын меншіктеу секілді зардабы үлкен қателіктер бір адамның билік басында тым ұзақ отыруынан болады. Жылдар бой еңсемізді көтеруге мүмкіндік бермей келген осы кеселдің тамырына балта шабу үшін Президенттің «Бір мерзім — бір Президент» қағидасын конституцияда нақты шегендеуі — әділеттіліктің айқын үлгісі!» - деді депутат.

Аманжол Әлтай Мемлекет басшысының бұл шешімінің маңыздылығын таяуда ғана өткен «Еңбек — Ел ырысы» атты айтыста Мейірбек Сұлтанханның өлеңімен қорытындылаған:

Абайлап ұстамасаң алтын тақ та,

Алтын сап алдаспаннан жүзі аумайды

Ата заңға енгіздік бір өзгеріс,

Бұрында көрмеп едік біз ондайды

Президент тек жеті жыл сайланады,

Жоспарын одан артық сыза алмайды

Квази секторларға клан қылып,

Өзінің туыстарын тізе алмайды

Мемлекеттің байлығын бұдан былай,

Меншіктеп күйеу бала қыз алмайды

Айшықтап ата заңға жазған бапты,

Енді ешкім кеп балталап бұза алмайды

Ал енді көрші елдерге көз жүгіртсең,

Көңілін осы боп тұр бұзар қайғы

Біздерге ақыл айтқысы келгенімен,

Өздерінің беттері қызармайды

Биліктерін создырып қайта-қайта,

Үмітін диктаторлар үзе алмайды

Бар былықтың бастауы осыдан ғой,

Соқыр салған соқпақтың ізі оңбайды

Бір елді қанап-тонап, билік үшін,

Бір әулеттің ішіндеі қызар бәйгі

Әділдікті Тоқаев бастап берсе,

Сыбайластар бүйірден сүзе алмайды

Үлгі етсін бізді көрші Мемлекеттер,

Қазақстандағы саяси бұл жағдайды

Капитаны жаңарып отырмаса,

Кеме де кең мұхитта жүзе алмайды

Мемлекетін ойлаған президенттің,

Мерзімі сайлау сайын ұзармайды!

Серіктес жаңалықтары