Маңғыстау облысындағы аққулардың қырылуының себебі белгілі болды

Автор: Azattyq Rýhy

2023 жылдың 21 желтоқсаны мен 2024 жылғы 2 қаңтар аралығында Қаракөлде барлығы 227 аққудың өлгені анықталған

Маңғыстау облысы ветеринария басқармасының басшысы Бердібек Марқабаевтың айтуынша, Қаракөлдегі құстардың қырылуына себеп - толыққанды қорегінің болмауы, деп хабарлайды Azattyq Ruhy mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.

Маңғыстауда былтырғы күз айларынан бері 6 мың бас құс вакцинациядан өткен. Бердібек Марқабаевтың айтуынша, вакцинациядан өткен құстар теңізге жақын аумақтарды мекен етеді.

«Вакцинацияланған Мұнайлы, Түпқараған, Қарақия ауданы мен Ақтау қаласы маңын мекен ететін құстар. Себебі, осы аумақтар теңізге жақын орналасқан. Ал қалған қожалықтарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, құстарды жабық қорада ұстау сұралуда. Аққулардың қырылуына келер болсақ, оған бірнеше себеп бар. Көпшілік ойлағандай құс тұмауы дейтін болсақ, бұл біраз жаңсақ пікір. Себебі олар осы вирустың тасымалдаушысы болып қана табылады. Ал қырылуының басты себебі - иммунитет әлсіздігі мен қоректік заттарды толық таба алмауы», - дейді Бердібек Марқабаев.

2023 жылдың 21 желтоқсаны мен 2024 жылғы 2 қаңтар аралығында Қаракөлде барлығы 227 аққудың өлгені анықталған. Өлекселер ветеринариялық заңнамада белгіленген тәртіппен жойылған.