Ұлт сапасы гендерлік теңдіктің даму деңгейін көрсетеді – сарапшы

Автор: Аягөз Құрмаш

Анар Ғабдулина ел тарихында бір әйел ғана облыс әкімі болғанын айтады

Фото; МТИ баспасөз қызметі

Мемлекет тарихы институтының ғалым хатшысы, тарих ғылымдарының докторы Анар Ғабдулина Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатындағы гендерлік-теңдік мәселесі жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» мақаласында ішкі және сыртқы саясаттың, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының, 2022 жылғы қаңтардағы оқиғалардың, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, АЭС құрылысының өзекті мәселелерін атап өтті. Қазақстан дәйекті гендерлік саясат жүргізуде. Соған қарамастан, тәуелсіздік жылдарында бір ғана әйел облыс әкімі бола алды, ал президенттікке кандидаттардың арасында тек үш әйел болды, олардың екеуі 2022 жылғы сайлауға қатысты. Осыған байланысты сайлау процесінің инклюзивтілігін қамтамасыз ету үшін депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдер, жастар және ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін 30 пайыздық квота заңнамалық түрде бекітілді», - деді Ғабдулина.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамында 4 әйел бар.

«Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде 98 депутаттың 18-і әйел (18% - дан сәл артық). Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында 50 орынның ішінен әйелдер 11 (22%) орында. Сайлау қорытындысы бойынша аудан әкімдері болып 2 әйел сайланды. Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты қатаңдату туралы сұраққа «отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды қолдаймын» деді. Жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында нашақорлыққа қарсы күрес туралы бірнеше рет айтылды. Статистикаға сәйкес, қылмыс ең көп тіркелген қалалар мен аудандарда отбасылық және тұрмыстық қылмыстар саны есірткіге байланысты болған», - деді сарапшы.

Оның айтуынша, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева статистика мәліметтерін айтқанда алкоголь, есірткі және құмар ойындар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептері (55,3 %), әлеуметтік-экономикалық сипаттағы проблемалар (47,6%) және тұрақты табыстың болмауын (29,2%) мысалға алды.

«Осылайша, ұлт сапасының қалыптасуы саяси, экономикалық және әлеуметтік аспектілерден тұрады. Ұлттың саяси сапасы демократияның, гендерлік теңдіктің, азаматтық бостандық пен құқықтық мемлекеттің даму деңгейін көрсетеді. Ұлттың экономикалық сапасы халықтың өмір сүру деңгейімен, жан басына шаққандағы ЖІӨ-мен, жұмыссыздық пен инфляция деңгейіне байланысты. Ұлттың әлеуметтік сапасы азаматтардың өмір сүру сапасын, олардың әлеуметтік әл-ауқатын және қоғамдағы әділеттілігін көрсетеді», - деді Ғабдулина.