Павлодар облысында бірқатар елдімекеннің атауы өзгеретін болды

Автор: Azattyq Rýhy

Облыстық мәслихат елдімекендердің атауын бірауыздан қолдады

Фото: Pavlodarnews.kz / Константин Шелков

Павлодар облысында 12 елдімекеннің атауы қайта өзгеретін болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы облыстық мәслихаттың VIII кезектен тыс сессиясында белгілі болды.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі  басқармасының басшысы Медет Тауасқан «Павлодар облысының кейбір әкімшілік-аумақтық бірліктерін қайта атау туралы» бірлескен қаулы мен шешім жобасымен таныстырды. 

«Бұл бірлескен қаулы мен шешім жобасы Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңына  сәйкес енгізілді.  Елді мекендерді қайта атау мәселесі 2023 жылдың 23 қарашасында облыстық ономастика комиссиясының отырысында қаралып, оң қорытындыға ие болды», – деді Медет Тауасқан.

Аталған актіге сәйкес Павлодар қаласының Ленин кенті – Атамекен кенті, Железин ауданының Озерное ауылдық округі –  Майлы ауылдық округі, Озерное ауылы –  Майлы ауылы, Тереңкөл ауданының Бобровка ауылдық округі – Жаңа бет ауылдық округі, Федоровка ауылдық округі – Томарлы ауылдық округі, Федоровка ауылы – Томарлы ауылы, Верненка ауылдық округі – Алтай ауылдық округі, Львовка ауылы – Алтай ауылы, Воскресенка ауылдық округі –  Әулиеағаш ауылдық округі, Воскресенка ауылы –  Әулиеағаш ауылы, Березовка ауылы Аққайың ауылы және Трофимовка ауылы Қоржынкөл ауылы болып қайта аталады.

Басқарма басшысы актіде аталған мәселелерді қарап, оң шешім шығаруды сұрады. Облыстық мәслихат елдімекендердің атауын бірауыздан қолдады.