Парламент 92 заң қабылдаған
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев палатаның жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Бүгін Сенаттың биылғы қорытынды отырысын өткіздік. Санаулы күндерден кейін жаңа 2024 жылға қадам басамыз. Өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін саяси-экономикалық және әлеуметтік салаларда өзгерістерге толы болды. Президентіміз бастаған Конституциялық реформалар аясында нағыз саяси жаңғыру жылы болды деп ауыз толтырып айта аламыз», - деді спикер.
Әшімбаевтың айтуынша, Парламентке қатысты енгізілген Конституциялық өзгерістер биыл қолданысқа енді. Конституциялық реформа нәтижесінде Парламент палаталарының рөлі мен ықпалы артты.
«Заң шығару процедурасы өзгеріп, заң жобалары жаңа тәсілмен қарала бастады. Жыл басында Президенттің Жарлығымен Сенаттың 10 депутаты тағайындалды. Оның 5-еуі алғаш рет ҚХА-дан ұсынылды. Сондай-ақ өңірлерімізде Сенат депутаттарының кезекті сайлауы өтіп, қатарымыз айтарлықтай жаңарды. Мәжіліс таратылғанда Сенат екі ай бойы Мәжілістің міндетін абыроймен атқарды», - деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат төрағасының айтуынша, биыл Парламент 92 заң қабылдады.
«Қабылданған заңдар еліміздің саяси және орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етіп жатыр. Олардың ішінде сот жүйесі, прокуратура қызметі, сондай-ақ әкімшілік реформа мәселелері бойынша конституциялық заңдар бар»,- деді ол.