Қызылорда облысында 4 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған көпір құрылысы 5 айдан бері тоқтап тұр

Автор: Azattyq Rýhy

Ал мердігер компания көпірдің құрылысына қосымша қаражат сұрап отыр

Бейнеден кадр

Қызылорда облысы Қазалы ауданында 4 миллиард теңгеден астам қаржыға салынып жатқан көпірдің құрылысы бес айдан бері тоқтап тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Сырдария өзенінің үстіне салынған өткел бүтіндей 7 ауыл мен аудан орталығын байланыстыруы тиіс еді. Енді тұралаған құрылыстың кесірінен тұрғындар жол азабын әлі тартатын болдық деп ашынады. Ал мердігер компания көпірдің құрылысына қосымша қаражат сұрап отыр.

Сырдария өзенінің арғы бетіндегі 7 ауылдың халқы Қазалы ауданының орталығына жету үшін бірнеше жылдан бері қалт-құлт еткен қалқымалы көпірдің үстінен өтуге мәжбүр. Қайықтардан құралған өткел мұз қатқанда және сел жүргенде алынып тасталады. Яғни осы кезде мыңдаған тұрғын орталыққа қатынаудан қалады. Былтыр осы аумаққа жаңа көпірдің құрылысы басталғанда көпшілік бөркін көкке атқан. Бірақ халықтың қуанышы ұзаққа созылмады. Өйткені өткел құрылысы 5 айдан бері тоқтап тұр.

Көпірдің тек бірнеше тіреуі ғана тұрғызылған. Құрылыс алаңында бас-көз болып күзетшілер ғана қалыпты. Олар да мердігер компания жұмысты тоқтатқалы жалақысыз қалдық дейді.

«Айлығымыз енді осы тұрғанда 5 айға қарап бара жатыр ғой. Береміз деп отыр. Соны күтіп жүрміз енді. Жасымыз кеп қалған адамбыз. Күзеттен бөтен жұмысқа жарамаймыз», - дейді күзетші Айқара Жұбаев.

Ал шенеуніктер құрылыс материалдары күрт қымбаттап, бөлінген 4 миллиард 250 миллион теңгенің өзі жетпей қалды дейді. Сондықтан құрылысты аяқсыз қалдырған мердігер мемлекет қазынасына тағы алақан жайып отыр екен.

«Заңды құқығы ол мердігер мекеменің. Жобалық құны 10 пайыздан асса, құқығы бар сұратуға. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты мердігер мекеме өтінім жазған болатын. Сметалық құжаттаманы түзетуге байланысты. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамалар біздің экономика және қаржы басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылды», - дейді Қызылорда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов.

Өзен үстіне салынатын өткел келер жылы ел игілігіне берілу керек. Бірақ нарықтағы бағаны сараптамаған шенеуніктердің кесірінен құрылыс сағызша созылып кетті деп күйінеді қараша. Ал, тоқтап қалған құрылыстың енді қашан қайта басталатыны әзірге белгісіз.