Жаңа жыл қарсаңында еліміз бойынша «Шырша» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Ағаштарды немесе бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдауға байланысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылған

Фото: freepik.com

Жаңа жыл қарсаңында полиция республика бойынша «Шырша» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр. Ол қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу, тасымалдау және өткізу фактілерін анықтауға, сондай-ақ жолын кесуге бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Бүгінгі таңда бес жүзге жуық мобильді топ базарлар мен басқа да жерлерде рейдтер жүргізіп жатыр. Мәселен, Алматы облысында полиция қызметкерлері көлемі 3,5 текше метр болатын ағаштарды тасымалдау фактісін анықтады. ҚР ҚК-нің 340-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды (Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе бүлдіру), күдікті ұсталды», - делінген хабарламада.

Ағаштарды немесе бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдауға байланысты келтірілген залал сомасына қарай жауапкершілік қарастырылған. Қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша мүлкі тәркіленіп, 160 АЕК-ке дейін айыппұл не 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданылады. Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жеке тұлғалар үшін 50 АЕК, кәсіпкерлік субъектілері үшін 150-ден 500 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатын болады.