10 грамм алтынға дейін есептеледі: декларация тапсырудан жалтарғандарға айыппұл салынады

Автор: Сымбат Ғалымжан

2025 жылдан бастап декларациялау жүйесі шамамен 13 млн адамды қамтиды

Фотоколлаж Azattyq Rýhy

Алдағы он күннен кейін, яғни 1 қаңтардан бастап декларациялаудың келесі кезеңі басталады. Декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырады. 3,9 млн-ға жуық жеке тұлғаға қатысу жоспарлануда, деп хабарлады ҚР Қаржы министрлігі Өндірістік емес төлемдерді, жеке тұлғаларды және арнайы салық режимдерін әкімшілендіру департаментінің баспасөз бөлімі.

Осы ретте, Азаттық рухы тілшісі декларация тапсыру кезеңдері, шарттары және одан жалтарған жағдайда төленетін айыппұл мөлшері туралы қаржы саласының маманы Арай Мұратқызының пікірін білді.  

«Жалпыға бірдей декларацияны тапсыру 2021 жылдан басталды. Жалпы 4 кезеңнен өтеді. 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлер 250 және 270 форма түрлерін тапсырады.  2022-2023 жылы бізде бюджеттік ұйымдар, квазимемлекеттік секторлар тапсырып жатыр. 2024 жылдың бірінші қаңтарынан бастап жеке кәсіпкерлер және ЖШС және ЖК иелері немесе олардың құрылтайшылары, басшылары және олардың жұбайлары жалпыға бірдей декларация түрін тапсырады. Жалпыға бірдей декларация тапсыру міндеттелген. Яғни, егер бірінші рет кешіккен жағдайда ескерту беріледі, ал екінші рет кешіккен жағдайда онда әкімшілік айыппұл төлейді», -деді қаржыгер Арай Мұратқызы.

 

Жалпыға бірдей декларацияның ең негізгі мақсаты – көлеңкелі экономикамен күресу. Яғни, елімізде жемқорлықтың жолын кесу, сонымен қатар жасырын шоттағы ақшаны мемлекетке толығымен есеп беру үшін тапсырылады.

«Жалпы егерде үш айға дейінгі аударым бойынша, жүзден көп адамға аударым болса, банк карталарына немесе жеке шоттарына аударылса, онда сол кәсіпкерлер бірінші тексеріледі. 910 форма - бұл жеңілдетілген режимде жұмыс істейді. Кәсіпкерлердің барлығы 6 айда бір рет тапсырып отырады. Яғни, біз 6 ай бойы қанша табыс таптық, соны 910 формада декларация тапсырамыз. Былайша айтқанда, барлық жеке кәсіпкерлігі бар азаматтар тапсырады. Ал, 250 формада активпен мүліктері жайлы. Қазақстандағы емес, сыртқы, яғни, шетелдегі активтер жайлы ақпарат береміз. Ал, Қазақстандағы мүлік жайлы банк шоттарындағы төлемдер мен депозиттегі аударымдарыңыздың барлығы көрсетіліп тұрады. Ол бізде автоматты түрде базадан шығады», - дейді маман. 

Жеке кәсіпкерлер табысы аз болғанына қарамастан, декларация тапсырған дұрыс, дейді маман. 

«Ал, мүлдем табысы жоқ, тоқтап тұрған кәсіп иелері міндетті түрде оны жауып тастағаны дұрыс. Өйткені, ешқандай табыс көзі түсіп тұрған жоқ. Қазіргі таңда 31 желтоқсанға дейін көлеңкелі экономикамен жұмыс істеп жүргендер, яғни өзінің табысын жасырып, туыстарына аударым жасап жүргендер, не болмаса туысқандары арқылы төлемдерді қабылдап жүрген азаматтарға міндетті түрде сол туысының атынан жеке кәсіпкерлік ашуға кеңес беремін. Сонымен қатар табыстан түскен салықты төлеп, уақытылы декларация тапсырған жөн. Өйткені, сіз табысыңызды жасырған жағдайда, түбінде туысыңызға жіберілген қаражат бәрібір сізге аударылады. Сіздің шотыңызға түскен қаражат және екеуара жүргізілген аударылымдар да есепке алынады. Егерде бұл табыс көзі болып анықталса, онда сіз пайыз салық төлеуге міндеттелесіз. Сонымен қатар, әкімшілік айыппұл төлеуге мәжбүр боласыз», - деп ескертті қаржыгер.

Табыс көзін жасырған жағдайда айыппұлдан бөлек, қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Жеке тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігіне қатысты декларацияны бірінші рет ұсынбағаны үшін ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 51 750 теңге (15 АЕК) мөлшерінде айыппұл көзделген.

Декларацияда толық емес, анық емес мәліметтерді бірінші рет ұсынғаны үшін – ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 10 350 теңге мөлшерінде айыппұл (3 АЕК).

Салық салу объектілерін жасырғаны үшін жыл ішінде алғаш рет-төленбеген салықтар сомасынан 200% айыппұл, қайталап бұзғаны үшін – 300% мөлшерінде айыппұл салу көзделген.

«Алдыңғы жылы бізде бюджеттің есебіне қарайтын мұғалімдер мен дәрігерлер декларация тапсырды. Олар нақты өздерінің аттарындағы мүлік, тіпті, алтын сияқты құнды заттарын да декларацияға тіркеді. Мәселен, 10 грамм алтыннан асып кеткен жағдайда, біз оны міндетті түрде барып бағалап, көрсеттік. Неге қымбат әшекей бұйымдар мен бренд бұйымдар есепке алынады? Өйткені, олардың барлығын сатып алу үшін қыруар қаражат қажет. Сол себепті де ол бұйымдар да есепке алынып, декларацияда көрсетілуі қажет.  Сонымен қатар, бізде көбісі биткоин алып жатады. Иә, акция, облигацияны қандай сомаға алдық, теңгемен алдық па, жоқ әлде доллармен бе, 250 формада оны көрсетпейміз, бірақ сәйкесінше олардың барлығы ертеңгі күні 270 формамен сәйкес болуы тиіс.  Декларацияны негізінен қағаз жүзінде емес, электронды түрде тапсырған жөн. Өйткені ақпарат қауіпсіздігі сақталады. Ол үшін бізге еш жерге барудың қажеті жоқ.  «Салық KZ» кабинетіне кіріп сол жерден электронды түрде тапсырасыз», - деп түсіндірді маман. 

Жеке кәсіпкерлер міндетті түрде қаңтардың бірінен бастап, қыркүйек айының он бесіне дейін декларацияны тапсыру керек.  Декларацияны 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін тұрғылықты жері бойынша тапсыру қажет. Сондай-ақ, оны "салық төлеуші кабинеті" веб-порталдары, электрондық үкімет, e-salyqazamat, Halyk, BankCenterCredit мобильді қосымшалары арқылы ұсынуға болады.

«Яғни, бізге тапсыруға тоғыз ай көлемінде мүмкіндік беріледі. Жалпыға бірдей декларация осыған дейін 10 жыл бұрын жоспарланған дүние. Барлық дамыған елдер бүл жүйеге жүгініп отыр. 2025 жылдан бастап оны бүкіл Қазақстан Республикасының азаматтары тапсырады. 18 жастан бастап, қарт кісілерге дейін бұл декларацияны тапсыру міндеттеліп отыр.  Яғни, барлық табыс көзін тіркеп, жыл сайын көрсетіп отырады. Егер декларация толтыру барысында қандай да бір мүлкіңіз немесе биткоин, акция сынды дүниелер ұмыт қалған жағдайда, қайта толтырып жіберуге мүмкіндігіңіз болады. Ондай жағдайда, ешқандай айыппұл төлеуге міндетті болмайсыз», - деді маман.

Видео нұсқаулықтың барлығы салық комитетінің ресми сайтында бар.