«Ауыз суды Астанадан тасуға мәжбүр»: депутат елорда маңындағы ауылдардағы су мәселесін көтерді

Автор: Аманалина Тоғжан

Үнзила Шапақ сумен жабдықтау желілері 15-тен 40 пайызға дейін ескіргенін айтты

Фото: Azattyq ruhy

Мәжілістің жалпы отырысында Үнзила Шапақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сұрақ қойды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, СҚО, БҚО, Қостанай, Қарағанды, Абай және Жетісу облыстарында ауыз суға қол жеткізу көрсеткіші орташа деңгейден төмен екенін бұрын да айтқан едік. Бүкіл елді айтпай-ақ Астана маңындағы ауыл-аймақ тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесінен зардап шегіп отыр. Мысалы, Аршалы ауданы Жібек жолы, Целиноград ауданы  Қараөткел аудандарының ауыз сумен қамтылуы тек 40 пайызды ғана құрайды. Егіндікөл және Талапкер ауылдарында ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Себебі сумен жабдықтау желілері 15-тен 40 пайызға дейін тозығы жеткен. Аталған ауылдар ауыз суды Астанадан тасуға мәжбүр. Ауыл тұрғындарының көлігінің арты толған бөшкелер. Осыған орай менде сұрақ Жібек жолы, Қараөткел, Талапкер ауылдарын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша қандай шаралар атқарылды және ауыз су мәселесі қашан шешіледі?», - деді Шапақ.

Депутаттың сұрағына Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин жауап берді.

«Аршалы ауданындағы Жәбек жолы ауылы бойынша ауыл ішіндегі желілер түгел қамтамасыз етіліп жатыр. Бірақ судың жеткіліксіздігіне байланысты Целиноград, Қараөткел ауылы 40 пайызға қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда ауылдар бойынша бюджеттен ақша бөлінді. 2024 жылы оларды 100 пайыз ауыз сумен қатмамасыз ету жоспарлануда. Талапкер ауылы бойынша желілер қамтамасыз етілді. Су ресурстары министрлігі топтық су құбырынан жүзеге асырады. Егіндікөл бойынша Су ресурстары бойынша 4 жоба жүзеге асырылып жатыр», - деді ол.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қажымұқан мен Талапкер ауылдары бойынша жұмыс биыл басталғанын айтты.

«Су топтық құбырларын жөндеу үшін 500 млн теңге қаражат бөлінді. Мердігер анықталды. Келесі жылы қосымша 4 млрд теңге қосымша бөлінеді. Аяқтау үшін тағы 5 млрд теңге бөлінеді. 2025 жылы жұмыстар толық аяқталады. Егіндікөл бойынша жобалық-сметалық құжаттарды аяқтап, мемлекеттік сараптаманы алдық. 9 млрд 700 млн теңге бөлінді, биыл ТЖ қорынан 3 млрд теңге бөлінді. Оған екінші кезең жұмыстары атқарылады. 70 шақырым авариялық желілерді бастап кеттік, 47 шақырымы ауыстырылды. Сол жұмыстардың арқасында Егіндікөл мен Қорғалжын аудандарының елді мекендері сумен қамтылу бойынша оң шешімін тапты», - деді Нұржан Нұржігітов.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ