«Сырттан келетін су көлемі қысқарып жатыр»: 2030 жылға қарай елімізде су ресурстарының көлемі қаншаға қысқарады

Автор: Аманалина Тоғжан

Годунова көрші елдердің суына тәуелділік кері әсер ететінін айтты

Фото: kursiv.media

Жоғары аудиторлық палатасының төрайымы Наталья Годунова Мәжілістің жалпы отырысында су ресурстарын басқару және тиімділігін талдау бойынша есеп берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Мемлекет басшысы су ресурстарын қорғау мен тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөлді. 2013 жылдан бастап орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету үшін 2013 -2022 жылдары 1 трлн 100 млрд теңге бағытталды. Бүгінгі таңда орталықтандырылған ауыз сумен жергілікті жерлердің 88 пайызы қамтылды. 2019 жылдан бастап 78 мың гектарға суармалы жер көлемі ұлғайтылды», - деді Годунова.

Ол атағандай, су ресурстарын пайдаланудың тиімділігі төмен болып отыр.

«Бұл ауыл шаруашылығы саласында су тапшылығын тудырып, халықты, әсіресе ауыл халқын  орталықтандырылған ауыз сумен қамтуға әсер етіп отыр. 2018 жылы Есеп комитеті су ресурстары мен активтерді қолданудың тиімділігіне бақылау жүргізді. 2022 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оңтүстік өңірлерді су ресурстарымен қамту бойынша аудит жүргізілді. Биыл халықаралық қарыздарды пайдалану бойынша жүргізілді», - деді ол.

Годнова атағандай, БҰҰ ДБ мәліметі бойынша Қазақстанда су ресурстары 2030 жылға таман жылына 75 мың текше км-ге қысқарады.

«Біздің трансшекаралық өзендер мен көрші елдерден суға тәуелділігіміз кері әсер етіп отыр. Сырттан келетін су көлемі қысқарып жатыр. Ескірген құбырлар мен арналардағы судың кетуі өте көп. Мәселен, 2022 жылы тек ауыл шаруашылығында жоғалған судың көлемі 5,2 текше метрді құрады. Ал трансшекаралық өзендерден келетін судың тапшылығы 0,8 текше км-ді құрап отыр», - деді Наталья Годунова.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ