Сенат кеншілерге зейнеткерлікке дейін берілетін әлеуметтік төлемді көздейтін заң жобасын мақұлдады

Автор: Аманалина Тоғжан

Еңбек жағдайы зиянды жерде істейтін қызметкерлер 55 жаста зейнетке шыға алады

Фото: pixabay.com

Сенаттың жалпы отырысында сенатор Әсем Рахметова заң жобасы жайлы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Заңды қабылдаудағы негізгі мақсат азаматтардың қорғамдық бірлестіктер құру рәсімдерін жеңілдету және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғауды жетілдіру болып табылады. Ережелерді іске асыру Азаматтық, Еңбек, Әлеуметтік кодекстерге, «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы», «Қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына бір мезгілде өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап етеді», - деді Әсем Рахметова.

Оның айтуынша, уақыт талабымен «Қоғамдық ұйымдар туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туындауына байланысты, азаматтарымыздың қоғамдық құқығын одан әрі кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктер беретін нормалар енгізіліп отыр.

«Бұл қоғамдық бірлестіктерді құруға қажетті адамдардың санын 10 адамнан 3 адамға дейін төмендетуді көздейді. Сонымен қатар, Әлеуметтік және Еңбек кодекстеріне еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын адамдарға арнайы әлеуметтік төлем енгізу бойынша түзетулер енгізілді. Бұл төлем еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін азаматтар 55 жасқа толғанда кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген болса, жұмысынан кеткенде немесе басқа жеңіл қызметке ауысқан кезде алатын болады», - деді ол.

Сенатор төлемдер мыналардан тұратынын айтты:

  •  бюджеттен 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы;
  •  жұмыс берушінің қаражаты есебінен 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде кәсіби төлем;
  •  сақтандыру ұйымдарынан зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде сақтандыру төлемі;
  •  бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемі.

«Сондай-ақ, бұл азаматтардың 55 және 63 жас аралығында міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын алу уақытын өз бетінше айқындау құқығы айқындалды. Арнайы әлеуметтік төлем зейнеткерлік жасқа толғанға дейін жүргізіледі. Бұдан басқа, еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру жөніндегі нормалар ұсынылды, оларда мыналар көзделген:

- сақтандыру ұйымдарының сақтандыру сыйлықақысы сомасының 6 % - на дейін шегінде оңалту шараларына арналған шығыстарды өтеуі;

- сақтандыру ұйымдарының зардап шеккен қызметкерді санаторий-курорттық емдеуді 100 АЕК-ке дейінгі мөлшерде өтеуі;

- жазатайым оқиға нәтижесінде келтірілген зиянды өтеу (сақтандыру төлемі) мөлшерін айқындау кезінде қызметкердің кінәсін болдырмау», - деді сенатор.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне айлық жалақының ең төменгі мөлшерін айқындау жөніндегі әдістемені бекіту жөніндегі функцияны енгізу және мемлекеттік еңбек инспекторларының өкілеттіктерін күшейту жөніндегі түзетулер енгізілді.

Осылайша, қабылданған шаралар жұмыскерлерді зиянды өндірістік факторлардың әсерінен босатуды ынталандыруға және мемлекет, жұмыс беруші, өмірді сақтандыру компаниясы және бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры арасындағы ортақ жауапкершілікті бірдей бөлуді көздейді.