Тегін үйірмелер көбейді - Астананың бұқаралық спорт бөлімінің басшысымен сұхбат

Автор: Сымбат Ғалымжан

Бұқаралық спорт – ұлт саулығының кепілі

Фото: freepik.com

«Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз», деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқа­ралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қаулысымен бекітілгені мәлім. Осы жоспарға сәйкес, мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді.

Спорт кешенін ашып, мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында жұмыс істегісі келетін жандар қандай порталды қолдана алады? Ата-аналар баласын тегін өнер үйірмесі немесе спорт секциясына жаздырғысы келсе, қалай өтініш беруіне болады? Azattyq Ruhy тілшісі Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Агзамов Азамат Қазезұлымен сұхбаттасты.

30 СПОРТ ТҮРІ БОЙЫНША 945 ТЕГІН СЕКЦИЯ БАР

«Қазіргі таңда елордада мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша 945 секция жұмыс істейді. Олар 30 спорт түрін қамтиды. 2022 жылы 25 спорт түрі бойынша 575 секция бар-тын. Яғни, биыл спорт түрі мен секция саны көбейді. Сонымен қатар, балаларға тегін спортпен шұғылдануға құқық беретін белсендірілген ваучерлердің жалпы саны 26 000 бірліктен асады. Қалада 11 балалар - жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді, онда 6 000 бала, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарының санатына жататын отбасынан шыққан балалар айналысады», - деді Азамат Қазезұлы.

Жыл бойы балалар - жасөспірімдер спорт мектептері спорт түрлері бойынша оқушыларды тегін негізде қабылдауды жүзеге асырады.

«Спорт мектептерінің негізгі мақсаты - елордалық оқушыларды спорт түрлері бойынша жүйелі сабақтарға тарту, сондай-ақ республика ұлттық құрамасының құрамына спорт резервін дайындау. Олар керемет нәтижелерге қол жеткізуде - тек қалалық емес, республикалық турнирлердің чемпиондары мен жүлдегерлері атанды. Айта кету керек, халықтың әлеуметтік осал топтарынан 1000-нан астам бала Damu Bala мемлекеттік спорттық тапсырысы бойынша үйірмелерге қатысып жүр», - дейді Азамат Қазезұлы.

«DAMUBALA.KZ» ПЛАТФОРМАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды жан басына қаржыландыру тетігі елімізде 2021 жылғы 1 мамырда спортқа баулу және оны миллиондаған қазақстандық үшін қолжетімді ету үшін іске қосылды.

«Елордада бұл бағдарламаның операторы біздің басқарма болып табылады. 2023 жылдың қаңтарына дейін мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырысты іске асыру «SoftDeCo» ЖШС, artsport.kz платформасында жүзеге асырылды. Ал осы жылдың 1 қаңтарынан бастап жергілікті атқарушы органдарға бағдарламаны іске асыру үшін платформаны таңдау мүмкіндігі бойынша өкілеттіктер берілді. Өткізілген мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижелері бойынша 2023 жылғы мамырдан бастап мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру жаңа damubala.kz, «QazTiQet» ЖШС платформасында жүзеге асырылады», - деді спикер.

ЕҢ СҰРАНЫСҚА ИЕ СПОРТ ТҮРІ - ШАХМАТ

«Айтпақшы, осы бағдарламаның арқасында бізде ең танымал спорт секциясы шахмат екені белгілі болды. Мұнда 257 секция жұмыс істейді және 6960 Ваучер берілді. Одан кейінгі орында дзюдо - 112 секция және 2663 Ваучер берілді. Үшінші орында, футбол үйірмесі бойынша - 80 секция және 2215 Ваучер бар. Көркем гимнастика бойынша- 54 секция және 2021 Ваучер және каратэ бойынша - 99 секция және 1363 Ваучер берілді», - деді Азамат Қазезұлы.

ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ КЕШЕНДЕРІ АШЫЛДЫ

Жан басына қаржыландыру бағдарламасы, ең алдымен, секцияның орналасқан жері бойынша қол жетімділігімен өте өзекті.

Бұл ретте Азамат Қазезұлы тұрғындарға дене шынықтырумен жаппай айналысуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін қаланың төрт ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарланғанын айтты.

«Қазір адамдар спортпен шұғылданудың денсаулыққа да, бала тәрбиесіне де пайдалы екенін жақсы түсінеді. Спортпен айналысатын жасөспірімдер жаман әдеттерден алшақтайды және олардың болашағы зор. Осы бағдарламаның арқасында бізде оң нәтижелер бар. Мәселен, Жезқазған қаласында өткен қазақ күресінен Азия Кубогында екінші орынды елордалық спортшы Ілияс Мирас иеленді.

Сонымен қатар, бүкіл халық үшін дене шынықтырумен жаппай айналысуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін қаланың төрт ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарланғанын, оның үшеуі «Көктал-2», «Өндіріс» және «Үркер» тұрғын алаптарында пайдалануға берілгенін атап өтемін. Пайдалануға берілген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде 10 спорт түрінен мыңнан астам бала жаттығады. Жыл соңына дейін «Железнодорожный» тұрғын алабында  дене шынықтыру-сауықтыру кешенін пайдалануға енгізу жоспарлануда. Тәжірибе көрсеткендей, қала шетіндегі аумақта спорт кешені пайдалануға берілгеннен кейін тұрғын үй массивтерінде тұрғындар арасында спортпен шұғылданатындар саны едәуір өсті», - дейді Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Азамат Қазезұлы.