Оңды-солды сала берген: Алматыда заңсыз тұрғызылған ғимараттар сүріліп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Алматының тау бөктерінде заңсыз салынған нысан саны 52-ге жетеді

Фото: almaty-akshamy.kz

Заңды пысқырмай оңды-солды салып тастаған. Алматыда бақандай 52 нысан заңсыз тұрғызылып жатыр. Басым бөлігі рұқсат құжатынсыз құрылысты бастап кеткен. Ал кейбірі тіпті үй көлемін артығымен ұлғайтып салған. Сот әзірге тау бөктеріндегі 11 ғимаратты ғана бұзу туралы шешім шығарды. Алды бүгіннен кезек-кезек сүріліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Қазір заңсыз салынған нысандарды сүру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жұмысшылар темір-терсектерді кесіп, тіпті ауыр техникамен бұзуда. Негізі KHAN тұрғын үй кешені тұрғызылып жатқан. Бірақ екінші қабаты енді қаланып біткен кезде сүрілді. Өйткені құрылыс бастаған компания құжаттарға басын қатырмаған. Енді сот шешімімен нысанды өз есебінен бұзып жатыр. 

 «Аталған тұрғын үй кешеніне эскиз жобамен келіспеген. Жұмыс жобасын әзірлемеген. Сол жұмыс жобасы бойынша сарапшылардың қорытындысын алмаған. Алматы қаласының құрылыс бақылау басқармасына құрылыс-монтаждау жұмысы жөнінде хабарлама тапсырмаған», - деді Алматы қаласы Құрылысты бақылау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Төлебаев.

Алматының тау бөктерінде заңсыз салынған нысан саны 52-ге жетеді. Сот әзірге 11-ін толық бұзу туралы шешім шығарған. Біреуі жартылай сүріледі. Сол тізімнің қатарында тұрғызылып жатқан GQ Estate атты таунхаус та бар. Үш қабатты баспананың иесі құрылысты рұқсат құжаттарынсыз бастап кеткен. Шенеуніктердің шағымынан кейін сот заңсыз салынып жатқан нысанды бұзу туралы шешім шығарған. Енді алдағы уақытта бұл үй де сүріледі. Заңсыз салынған 52 үйдің үлескерлері де бар. Басым бөлігі тұрғын үй кешені. Үйлі боламын деп ақшасын құйып қойғандар енді қаражатын құрылыс компаниясынан даулайды. Қорыта айтқанда, ұрынып қалмас үшін, пәтер алмас бұрын, біріншіден, баспананың қаншалықты заңды тұрғызылып жатқанын тексеріп алған жөн.