Цифрландыруды жемқорлыққа тосқауыл ретінде ұтымды пайдалану керек – ұстаз

Автор: Azattyq Rýhy

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – баршаға ортақ міндет

 

Фото: gov.kz

Өткен ғасырда, заманның ауыр кезеңінде 13 жыл бойы Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болып адал қызмет атқарған Нұртас Оңдасынов өз естелігінде «Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, сонша жыл ел басқарып отырып біреуге нақақтан-нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, біреуден бір сом да пара алған емеспін – қолым таза! Екіншіден, 1937-1938 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін – арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза!» депті.

Осынау жолдарды оқығанда бүгінде қолында шырқ үйірер билігі, қызмет бабында бағынышты адамдары бар, қисапсыз қаржыға жауапты жандардың кейін парақорлықпен, бопсалаумен, қызметін асыра пайдаланумен аты шығып, мемлекеттің қаржысын қарпып істі болғаны туралы естіп қапа боласың. Сол адамдардың қай-қайсының да білімдері терең, интеллектуалдық қабілеті биік екенін де білеміз. Алды шетелдің озық университеттерінде оқыса, қалғандары еліміздегі маңдайалды жоғары оқу орындарын тәмамдаған. Осындайда білімі терең, интеллектуалдық қабілеті жоғары адамдарға мемлекетшілдік, шүкіршілік, ұят, барға қанағат ету сезімі жетпей ме деген ойға иек артады екенсің. Ислам дінінде біреудің нәпақасын жеу, парақорлыққа салыну адам етіне ауыз салғаннан да жаман қылық деп қатты айыпталатыны осыдан болса керек-ті.

«2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның» басты мақсаты – әр адамның жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» қағидасын қалыптастыру. Бүгінде өмірімізге дендеп ене бастаған цифрландыру ісін жемқорлықтың жолын бөгеудегі мықты тосқауыл ретінде ұтымды пайдалана білсек, әр істі шешерде өзгенің нәпақасына көзін алартып, көлденең табыстан қарпып қалуға тырысатындардың саны азайып, мемлекеттік органдардың қызметінде ашықтық салтанат құрып, халықтың мемлекеттік қызметшілерге деген сенімі күшейе түсер еді деп ойлаймын. Сыбайлас жемқорлықтың қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, мемлекетіміздің халықаралық аренадағы беделіне нұқсан келтіретін анық. Құқық қорғау және сот жүйесі органдарында  жасырын негативтік тәуелділік пен қарама-қайшы ойларды анықтау мақсатында бейнебақылау жүйесінің  орнатылуы сот үрдісі мен құқық қорғау  органдары қызметкерлерінің жұмысын және олардың тарапынан құқықбұзушылықтарды бақылауға мүмкіндік беріп, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге ықпал етіп отырғанын да,  елімізде сыбайлас жемқорлықпен аяусыз күрес жүргізу  мақсатында заң талаптары қатайтылып,  пара бергені және алғаны үшін он бес жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын, «Жемқорларға ешқандай аяушылық жасалмайды, яғни, оларға  шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға мүмкіндік берілмейді, рақымшылық жасалмайды, сыбайласа жемқорлық жасаған шенеуніктер мемлекеттік лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылады» деп заңда тайға таңба басқандай жазылғанын да білеміз.

Тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын шайқайтын аты жаман індеттің үлкені – жемқорлықтың аса үлкен зардабы халықтың билікке деген сенімін жоятыны бесенеден белгілі. Мемлекетте өмір сүріп жатқан әр мүшесінің сеніміне селкеу, көңіліне мысқалдай сызат түспеген санасы биік қоғам құру басты мақсатымыз болуы қажет. Осы орайда ежелгі дүниенің данагөйі Аристотель «Кез келген мемлекеттік құрылыстағы басты нәрсе – бұл заңдарды өзге де күн тәртібінің жәрдемімен істі лауазым иелері баю жолына түсіп кетпейтіндей етіп ұйымдастыру. Жалпы жұртқа ортақ пайда келуін ойластыратын мемлекеттік құрылыстар ғана әділ, дұрыс болмақ» десе, мемлекет қайраткері О. Бисмарк «Сапасыз заң мен мықты шенеуніктердің көмегімен елді басқаруға болар, ал нашар шенеуніктерге ешқандай сапалы заң көмектесе алмайды» деп елді өркендетуге не кедергі екенін ашық көрсетеді. Қытай елінің «Мемлекетке әскер де, ақша да керек, алайда, халықтың сенімінен айырылған мемлекет бірден құлайды» деген сөзінен ұққанымыз, кәрі тарихтың биігінен төменге көз сала отырып көргеніміз мансапқұмарлық, дүниеқоңыздық, байлыққұмарлық  сынды қасиетсіз қылықтардың жекелеген адамдардың санасын улап қана қоймай, тұтас адамзат қоғамын құрдымға жіберуге де қауқарлы екеніне дәлел жеткілікті.

«Ресми деректерді сөйлетсек 2023 жылы сыбайлас жемқорлық аз елдер рейтингінде Қазақстан 87 мемлекеттің ішінде 75 орында тізімнің соңғы жағында тұр. Рейтинг 10 негізгі санат бойынша 73 негізгі критерийді ескере отырып, жұмыспен қамтылған азаматтардың сауалнамаларына негізделіп жасалған» деген мәліметті finprom.kz жазды. US News мәліметінше, ТМД елдері арасында сыбайлас жемқорлық бойынша Қазақстан Ресей мен Беларусьтен ғана алда. Өзбекстан, Әзірбайжан және Украинада Қазақстанға қарағанда жемқорлық аз. Сыбайлас жемқорлық ең аз елдер Швейцария, Канада, Швеция, Аустралия және Нидерландия болса, ал Ресей – тізімнің соңында екен. Қазақстанда 2023 жылдың қаңтар-тамыз айындағы қорытынды бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде 1,2 мың сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Бұл былтырғыдан 17,7%-ға аз көрсеткіш. Оның ішінде 855 іс – ауыр қылмыс, 283 іс – орташа ауыр қылмысқа, 43 іс – аса ауыр қылмыс, 41 іс – ауыр емес қылмыстың көрсеткішін құрайды. Қылмыстың басым бөлігі, яғни 460 іс пара беруге қатысты тіркелсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш – 417 болған. Екінші орында пара алу: 320 іс, яғни 20% азайған, ал үшінші орында сыбайлас жемқорлық: 141 іс, яғни 44,9% азайған.

Осынау сандарды оқып, мәліметтерді көкейіне тоқыған жандардың қалың ойға шомары хақ. Халық сайлаған Президенттің, Парламенттің алдында мемлекеттік қызметші ретінде әдепке лайықты, адал боламын деп ант-су ішкен кей шенеуніктің, тіптен ағарту саласының тұтқасын ұстаған жандардың «алтын көрсе періште жолдан таядының» керін келтіріп, хакім Абай айтпақшы, «Кәпір көздің дүниеде араны үлкен, алған сайын  дүниеге тоя ма екен?» дегізіп, қу құлқынның құрбаны болып, соңында қолына кісен салынып, біраз жылды арқалап, түрменің «қадірлі қонағына» айналып шыға келгеніне не себеп деген сауалды әрбір қазақстандықтың өзіне, бір-біріне қояры хақ.

Болашақта мемлекеттік қызметке қатаң іріктеуден, сүзгіден өткен, сауатты, тәрбиелі, білікті, қолы таза азаматтарды ғана алып, қызметке орналасудың жолын күрделендіру керек деген есептеймін. Себебі, кәсіби, адал қызметкерлерден құралған аппараттың мемлекеттің мәртебесін асқақтататыны анық. «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң бойынша мемлекеттік қызметке кірудің үш сатыдан тұруы және төменгі лауазымнан басталуы, талапкерлердің сынақ мерзімінің 3 айдан 6 айға дейін ұзартылуы, сонымен қатар қызметкерлердің қызметте жоғарылау үшін төменгі лауазымдағы жұмыс өтілінің болу керек екені, мансаптық модельге көшуіміз мемлекеттік қызметтің деңгейін жаңа бір сатыға  көтеретіні сөзсіз. Ендігі жерде басшылар қызмет ауыстырғанда аппараттарда болатын ауыс-түйіс азайып, тұрақсыздыққа жол берілмейді деп сенеміз. Заңға сәйкес, жаңа басшы өзімен бірге кеңесшісін, көмекшісін және хатшысын ғана жаңа қызмет орнына ала баруына мүмкіндік берілген екен. Себебі, командалық әдістің сыбайластық әрекеттерді жүзеге асыруда ықпалды күш атқаратынын күнделікті өмірде көріп те жүрміз. Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы арнайы заң қабылдап, жеке бақылауында ұстап отырғанын да, елімізде жемқорлыққа қарсы қарқынды күрес жүріп жатқанын да білеміз. Алайда айылын жимайтындардың қатары азайып та кеткен жоқ.

Бүгінде сыбайлас жемқорлықтың қанатын кеңге жайып отырған бір саласы жерге байланысты екені анық. Лауазымды қызметкердің өз өкілеттілігін асыра пайдаланып, қосымша шұрайлы жерді өзгенің атына тамыр-таныстық арқылы келісе отырып рәсімдеп, шаруа қожалықтарын ашуы, субсидиядан мүкіндігінше көбірек қарпып қалу жолында қитұрқы әрекеттерге баруы, ал нағыз шаруа адамының несібесін тапқысы келетін жер иелігіне қолын жеткізе алмай, осыдан келіп, мемлекеттік жүйеге наразылық туудың басталатыны да шындық. Сыбайлас жемқорлықты тудырып, мемлекеттің ақшасын майшелпек ететін келесі сала – мемлекеттік сатып алудағы тендер мәселесі. Тендерді ұтып алуда еңбектің шарығында шыңдалып, нақты жұмыс істейтіндер тамыр-танысы болмай тасада қалып,тілі майда, баққаны пайда  пысықайлардың сыбайластықтың арқасында жолы болып, ең соңында  жұмыстың еш сапасы болмай, белгіленген уақытында аяқталмай жататынына да көзіміз үйреніп кеткені де рас.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік қағидатына баланы балабақша мен мектеп қабырғасынан бастап оқытып, тәрбиелеу қажет деп білемін. Өйткені халқымыз «Байлық – қолға ұстаған мұз, ериді де кетеді. Бақыт – басқа қонған құс, күте алмасаң, жериді де кетеді. Ал бала – артта қалған із: атыңды өшірмейді, жақсы ісіңді жария етеді» деген тәмсілді ұстанған. Баланы жастайынан ел намысын қорғаушы азамат болуға баулу, адалдыққа тәрбиелеу, бөтеннің мүлкіне қол сұқпау, иесіз затты меншіктемеу секілді ізгі әдепті отбасының аманаты ретінде келер ұрпақтың құлағына сіңіру ежелгі ел дәстүрінің озық түрі болған. «Ес  білгелі  бір сезім  ескірмейді,  ол  сезімнен айырмас  ешкім мені. «Сатпа арыңды, жан балам, сақта арыңды» деген сөздер соңғы рет естіледі.  Қайран әке, көзіңе мақтамаған, ала жібін біреудің аттамаған. Жанын арға садаға етіп мәңгі, туған жерде мәңгі ұйықтап жатқан адам. Өмір – сынақ, сынақтан жүз өтемін, қатемді өмір білемін түзетерін. Шекараны күзеткен сақшыдай бір, мен де арымды күні-түні күзетемін», деп ақын Рүстем Жанай «Ар туралы» өлең жолдарында жырлағандай, адалдықты өмірінің өлшеміне айналдырған адамдарды қоғамда дәріптеп, өзгелерді сондай адамдардан үлгі алуға баулып, адал жандарды экономикалық, идеологиялық тұрғыдан қолдау қажет деп білемін. Халық болып бір мақсатты ақиқатқа айналдырсақ, бір мүддеге топтассақ, болашаққа бірге қадам бассақ алынбас қамал болмас еді.             

Авторы: Меңдігүл ФАЗЫЛОВА,

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің

Жәнібек аудандық музей бөлімінің меңгерушісі,

ҚР Журналистер одағының мүшесі,

тарих пәнінің жоғары санатты мұғалімі