Астанадағы «Нұр-бесік» шағын ауданындағы үйлердің 16 жыл бойы құжаты болмаған

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта тұрғындарға құқық белгілейтін құжаттарды беру рәсімі жүріп жатыр

Фото: Астана қаласы әкімдігінің сайтынан

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында «Нұр-бесік» шағын ауданының мәселесі туралы жазды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Елордада 200-ден астам үй орналасқан «Нұр-бесік» шағын ауданы (Көктал 1 елді мекені) бар. Мұнда мыңнан астам адам өмір сүреді. Бұл шағын ауданда қала тұрғындары 2007 жылдан бері тұрып жатқанымен, 16 жылдан бері үйлеріне құқық белгілейтін құжаттары болмаған.

Сол себепті олар өз үйлеріне тіркеле алмаған. Осылайша олардың емдеу мекемелеріне тіркелуіне, балаларын балабақшаға, мектепке және т.б. беруіне мүмкіндіктері болмады. Олар достары мен туыстарының үйлеріне тіркелуге мәжбүр болды», - деп жазды қала басшысы.

«Нұр-бесік» шағын ауданының тұрғындары жер учаскелерін заңдастыру мәселесін кездесулерде бірнеше рет көтерген. Жеңіс Қасымбектің сөзінше, бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып, техникалық мәселелердің бәрі шешілді.

Қазіргі уақытта тұрғындарға құқық белгілейтін құжаттарды беру рәсімі жүріп жатыр. Енді оларды ресми түрде елорда тұрғындары деп айтуға болады және 16 жылдан кейін тіркеле алады.

«Шағын ауданды абаттандырумен де айналысып жатырмыз: сумен жабдықтау, су бұру, нөсер кәрізі, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау және т.б. инженерлік желілердің құрылысы бойынша жұмыс аяқталды. Сол сияқты көшелерге асфальт төселді, жарықтандыру бағаналары, 3 аялдама, интернет орнатылды, т.б. Біз қаланың елді мекендерін дамытуды ары қарай жалғастырамыз», - деп жазды Жеңіс Қасымбек.