Сотталушыға 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды
Ақмола облысында жеке кәсіпкер балаларды бұқаралық спортқа тарту бағдарламасын орындау барысында бюджет қаражатын ұрлаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақмола облыстық сотына сілтеме жасап.
Жеке кәсіпкер балаларды бұқаралық спортқа тарту бағдарламасын орындау бойынша мемлекеттік тапсырысты жеңіп алған. Бағдарлама спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына қаржыландыруды көздейді.
Сотталушы қатысатын балалардың санын арттыра отырып, жалған табельдерді тапсырып, секциялар мен үйірмелерге іс жүзінде бармайтын балалардың санын көбейту арқылы бюджет қаражатын ұрлаған (ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 1),3) тармақтары, ірі мөлшердегі алаяқтық).
«Алаяқтық әрекеттермен 2022 жылдың наурыз-тамыз айлары аралығында кәсіпкер мемлекетке 6 млн теңгеге жуық сомаға залал келтірді. Қылмыстық іс сотқа кінәні мойындау туралы мәміле түрінде іс жүргізу келісімімен түсті. Сотталушы келтірілген залалды өтеді. Жазаны тағайындауда, сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайларды - оның шын жүректен өкінуі мен кінәсін мойындауы, жас балалардың болуы, залалдың ерікті түрде өтелуі, жасалған құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесі, соттылықтың болмауын ескерді. Ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ», - делінген хабарламада.
Сот үкімімен «К.»-ға 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Жазаны өтеудің барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгіленді және шектеу міндеттері жүктелді.