Ол одақтың ортақ естеліктері тек тарих беттерінде қалғанын айтты
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Марат Бәшімов ресейлік әріптестерінің мәлімдемелеріне жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Әріптестер, біз тағы да Мемлекеттік думаның кейбір депутаттарының Қазақстанға қатысты жағымсыз мәлімдемелерін көріп отырмыз. Егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымыз туралы жалған, арандатушылық мәлімдемелерімен танылып үлгерген депутат Федоров тағы да себепсіз хайп қуып отыр. Біріншіден, ол сепаратизм үшін сотта лайықты жазасын алған «Петропавл халықтық кеңесі» деп аталатын жиынға қатысушылардың үкіміне қатысты пікір білдірді. Екіншіден, ол Қазақстанды «толық құқықтық сипатта емес аумақ» деп атады. Ол еліміздің барлық қажетті процедураны орындамай тәуелсіздік алғанын алға тартады. 13 жастағы бала сияқты ойлайтын Мемлекеттік Дума депутатының арандатушылығына пікір айту қиын болса да, мен бар күшімді салып көрейін», - деді Марат Бәшімов.
Оның айтуынша, Федоровтың сөзі тарихқа қайшы келеді.
«Ол фактілерді дөрекі түрде қолданып, КСРО-ның ыдырау процесі қалай өткені туралы әдейі үнсіз қалып отыр. Сонымен бірге Федоров өз президентінің ресми саясатына қарсы шығып отыр. Қазақстанға соңғы сапары барысында Владимир Путин Қазақстан-Ресей серіктестігі «өзара құрмет, егемендікті, аумақтық тұтастықты тану және ішкі істерге араласпау қағидаттарына негізделгенін» атап өтті. Заңгер ретінде мен Ресейдің заң шығарушы тармағы өкілдерінің мұндай пікірлерін орынсыз деп санаймын. Олар ең алдымен Ресейдің біздің негізгі және стратегиялық серіктесіміз ретіндегі ұстанымына нұқсан келтіреді. Федоровтың және басқалардың барлық психологиялық жарақаты БАҚ пен Парламентте емес, психиатр диванында шешілуі керек», - деді депутат.
Марат Бәшімов атағандай, егемендік туралы Декларация жарияланғалы бері Қазақстан БҰҰ Жарғысын ұстанатын және негізгі халықаралық ұйымдардың мүшесі саналатын күшті және тәуелсіз мемлекет құрды.
«Біздің мемлекет барлық көршісімен шекарасын толығымен делимитациялады. Бізде кеңестік өткеніміз туралы құлдық сана жоқ, біз тәуелсіздік алып, халықаралық деңгейде танылдық. Мен ресейлік әріптестерімді мұндай саяси тақырыптарда сөз қозғамас бұрын ойлануға шақырамын. Бұрынғы ортақ кеңестің өткені туралы естеліктеріңіз тек тарих кітаптарында ғана қалды», - деді ол.
Еске салсақ, Госдума депутаты Евгений Федоров Петропавлда сепаратистердің сотталуына қатысты пікір білдірген еді.