Заң жобасында Мемлекеттік ақпарат саясаты бойынша да нормалар бар
Алматыда VIII сайланған Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі отырысында Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова «Масс-медиа» заң жобасы бойынша депутаттар қандай нормалар ұсынғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың тиімділігіне қатысты бірнеше норма ұсындық. Бұл жерде ең алдымен есептілік, көбінесе келген өтініштерге келген қаражат журналистерге жетпейтіні, тек басшылық құрамына кететіні жайлы нормалар ұсындық. Қаламақы қорын міндеттеу бойынша да норма ұсындық. Ол қосымша қаражатты қажет ететіндіктен біз оны Үкіметке концептуалдық норма ретінде жасадық», - деді ол.
Депутат атағандай, мемлекетік ақпарат саясаты бойынша мемлекеттік тапсырысты реттейтін норма енгізілді.
«БАҚ-қа арналған гранттарға қатысты толықтырылған, жақсартылған норма енгізілді. Бұдан бөлек, мемлекеттік емес масс-медианы бюджеттен қаржыландырудың ашықтылығы мен есептілігін қамтамасыз ететін норма енгізілді. «Масс-медианың» негізгі міндеттері мен мақсаттарын жүзеге асырудағы мемлекетік саясатты, оның ішінде қоғамға ашық ақпараттың қамтамасыз етуін реттейтін тетіктер мен контенттің бәсекеге қабілеттігін арттыру бойынша тетіктерін реттедік», - деді Сүлейменова.
Еске салсақ, жиын Қазақстанның медиа нарығын дамыту мәселелері бойынша жыл сайынғы XV «Media Құрылтай 2023» салалық конференциясы аясында ұйымдастырылды.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ