Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы акцияға алматылық ер азаматтар қосылды

Автор: Azattyq Rýhy

Еліміздің өзге өңірлерінде де осы бағыттағы әлеуметтік сауалнама, эксперименттер мен акциялар өтуде

«Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы болсаңыз, менің қолымды алыңыз!».  Дәл осындай бірден көзге түсер ерекше плакатпен Алматыда әлеуметтік эксперимент өтті. Акция барысында ер азаматтар зорлық-зомбылыққа төзбейтіндіктерін байқатты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Жастар Рухы» Жастар қанатының Алматы қалалық филиалы екінші күн қатарынан  қазақстандықтардың жүрегін тебіреткен акцияны өткізуде.

Аталған мәселеге бей-жай қарамайтын өзі сынды жігіттер мен ер азаматтар табылады ма? Оны Жастар қанатының белсендісі Асылжан Болат тексеріп көрді. Оның айтуынша мұндай батыл қадамға барған замандастарының артқа шегінбей, белсенділік танытқанына қуанышты болған.

«Шынымды айтсам, акция барысында ерлер тарапынан дәл осындай кері байланыс боларын күтпедім. Әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылық пен қиянатқа олардың қарсы екендіктері, нәзік жандыларды қолдап, әрқашан бірге болатындықтарын тайсалмай жеткізді. Барша жігіттерді біздің акцияны қолдап, қауіпсіз қоғам қалыптастыруға шақырамын»,- деп Асылжан Болат өз ойын білдірді.

«AMANAT» партиясы жастарының айтуынша, дәл осы бағыттағы әлеуметтік сауалнама, эксперименттер мен акциялар Қазақстанның түрлі аймақтарында өтуде.

Мәселен, бүгін ғана Жамбыл мен Жетісу облысына қарасты ауылдарда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты сауалнама жүргізілді. Онда 100-ге жуық  азаматтар  қатысып, тұрғындардың 90%-ы  зорлық-зомбылыққа қарсы шараларды күшейтіп, алименттен жалтарған азаматтарға тиісті жазасын беру керек дегендігін жеткізді.