Сенат спикері су ресурстары бойынша түйткілдер өзекті екенін айтты
Алдағы Сенат отырыстарының бірінде су мәселесіне қатысты проблемалар талқыланады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл жөнінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заңдар қаралған Палата отырысында айтты.
Сенат спикері су ресурстары бойынша түйткілдер еліміз үшін ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының шешімімен осы бағыттағы проблемаларды шешу үшін арнайы министрлік құрылғанына назар аударып, алдағы уақытта депутаттар тарапынан тиісті қолдау көрсетіле беретінін тілге тиек етті.
«Бұл – өте ауқымды проблема. Сондықтан Сенат осы мәселеге үнемі назар аударып келеді. Бұған дейін сенаторлар Үкіметке, тиісті министрлікке бірнеше депутаттық сауал жолдады. Алдағы Палата отырыстарының бірінде салалық мемлекеттік органдардың өкілдерін шақырып, депутаттарымыздың сауалдарына ауызша жауап алуды жоспарлап отырмыз. Сол кезде осы мәселеге қатысты нақты проблемалар көтеріліп, жан-жақты талқылау болады деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.