Жетісу ауданында орналасқан ипподромда 250 шақты ат бапталады
Алматыдағы ипподромның орнына көпқабатты тұрғын үйлер салынбайды. Атбегілердің алаңдауына негіз жоқ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Атбегілер «қала ортасындағы 90 жылдық тарихы бар ипподром сүріліп, орнына сауда орталықтары мен көпқабатты тұрғын үйлер салынбақ» деген шулаған еді. Олардың айтуынша, 42 гектар жерге жеке адамдардың көзі түскен. Аман Құсайынов бастаған атбегілер «талапқа сай емес деген сылтаумен атшабарлардың жерін алып қоймақшы» деген еді. Алайда әкімдік мұндай жоспардың жоқ екенін айтып, алаңдаудың негізсіз екенін мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта басқарма көппәтерлі тұрғын үй кешенін жобалауға қатысты құжаттарды алдын ала берген жоқ. Сондай-ақ меншік иесі жобаға дейінгі құжаттарды алу үшін басқармаға жүгінген емес. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Алматы қаласының Бас жоспарына сәйкес қаралып отырған жер учаскесі жалпы қолданыстағы жасыл желектерде орналасқан», - деп хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жетісу ауданында орналасқан ипподромда қазір 250 шақты бәйге аты бапталады. Айына екі рет бәйге болып тұрады. Одан бөлек, атқа мінгісі келетін балаларға да жекелеген сабақ өткізіледі.
«Алматы қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 17 наурыздағы № 1/191 қаулысына сәйкес Алматы ипподромы Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне кіреді. Осыған байланысты мұнда көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы қарастырылмаған, осы жер учаскесінде қолданыстағы (жұмыс істейтін) ипподром орналасқан», делінген әкімдіктің хабарламасында.