«Әкім кеткеннен кейін қайтадан жауып тастады»: Ақтөбе облысында жаңа спорт кешені қаңырап тұр
Облыстық әкімдіктегілер рәсімдеу құжаттары әлі де жүргізіліп жатқанын айтты
Ақтөбе облысында ақпан айында ресми ашылған спорттық-сауықтыру кешенінің есігінде әлі күнге дейін құлып ілулі тұр. Қарғалы ауданының Петропавл ауылында салынған нысан жыл басында қолданысқа берілді деп жергілікті әкімдіктің ресми сайтында жарияланған. Алайда содан бері спорт залына балалар аттап баспаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Хабар24 теларнасына сілтеме жасап.
Аудандық әкімдіктің ресми сайтында спорттық-сауықтыру кешені ақпан айының 27-сі күні ашылды деп жазылған. Шарада ауыл балалары алғашқы достастық кездесулерін өткізіп, жаттығу жасап та үлгерді. Облыстың бұрынғы басшысы жеткіншектерге футбол мен волейболға арналған жейделер және доптарды сыйға тартты. Салтанатты жиын аяқталған соң ғимаратқа спорт сүйер жұрт аяқ баспаған сыңайлы.
Тұрғындардың сөзінше, әкім кеткеннен кейін спорттық-сауықтыру кешенін қайтадан жауып тастаған.
Желтау ауылдық округінің әкімі Азамат Рзағұлов спорт нысаны әлі ресми қолданысқа берілген жоқ дейді. Ал жыл басында өткен жиынды облыс басшылығының құрылыс қарқынымен танысуы ғана деп түсіндірді. Кешенді мердігер тек маусым айында салып бітірген.
«Құрылыс басқармасы салды. Солар қабылдаған. Енді басқарма спортқа береді, содан кейін балансқа ауданға береді. Сосын барып штат бөлінеді. Әлі ресми түрде ашылған жоқ», - деді Желтау ауылдық округінің әкімі Азамат Рзағұлов.
Спорттық-сауықтыру кешені футбол мен воллейбол, гандбол және жеңіл атлетикамен шұғылдануға арналған. Әкімдіктің ресми хабарламасында 240 адамға шақталып салынды делінген. Тіпті көршілес Шәмші Қалдаяқов ауылы балаларын да қабылдауға қауқарлы. Алайда құрылысына аудандық бюджеттен 270 млн теңге бөлінген су жаңа нысан қазір қаңырап бос тұр.
«Рәсімдеу құжаттары әлі де жүргізіліп жатыр. Осыған дейін жерге байланысты құжаттарда мәселе болды. Қазіргі таңда ауданмен бірлесіп, барлығын қалпына келтіріп, қазіргі таңда жұмыстар жасалып жатыр. Осы жылдың аяғына дейін аталған нысанды спорт басқармасына балансқа, теңгерімге бөлу жоспарда», - дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев.
2600-ден астам тұрғыны бар Петропавл ауылында бұрын-соңды мұндай кешен болмаған. Жергілікті спортшыларға арналған үйірме сағаттары орта мектептің спорт залында өтеді. Сондықтан тұрғындар нысан біржола ашылуын асыға күтіп жүр.