Үкім заңды күшіне енген жоқ
Тараз қаласының №2 соты көрінеу жалған сөз жеткізу туралы істі қарады. Сотталушыға ҚР ҚК-нің 419-бабы, 3-бөлігі бойынша адамды ауыр қылмыс жасады деп кінәлау арқылы көрінеу жалған сөз жеткізді деген айып тағылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотта 2022 жылдың қазан айында сотталушы К. өзін саяси жағдайдың құрбаны ретінде ой қалыптастыру мақсатында көлігінің өртенуін өзі тапсырыс беріп түсірген бейнежазбаларды Facebook әлеуметтік желісі арқылы таратқаны анықталды. Ол өз көлігінің өртенгенін ұйымдастыра отырып, оған облыс әкімінің орынбасарын айыптап, тиісті арызбен Жамбыл облысы бойынша ПД-ға жүгінген.
«Бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғалып, қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты іс қысқартылды. Осылайша К. қылмыс жасалғаны туралы көренеу жалған сөз жеткізген. Сотталушының кінәсі куәлердің айғақтарымен, бейнежазбалармен, айғақ заттар негізінде өз дәлелін тапты», - делінген сот хабарламасында.
Прокурор сотталушыға 5 жыл 4 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындамады.
«Сотта қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде кәмелетке толмаған балаларының болуы танылды. Ал, жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Соттың үкімімен К. ҚР ҚК-нің 419-бабы, 3-бөлігі бойынша кінәлi деп танылып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды», - делінген ақпаратта.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.