«Білім-Инновация» лицейлерінде қазіргі таңда 1680 педагог қызмет етеді
Қазіргі таңда елімізде мектеп тапшылығы өте жоғары деңгейде екені белгілі. Алайда, мектеп салу белгілі қаржы бөлінумен, кәсіпкерлердің қолдауымен шешімін табатын нәрсе. Ал, сол мектептерге сапалы мұғалім даярлау, олардың біліктілігін арттыру үлкен сұрақ тудырып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде 2025 жылға дейін елімізде 1 000 жаңа мектеп салу үшін заман талабына сай типтік жобалар әзірлеуді тапсырған еді. Демек, екі-үш жылдың ішінде мың мектеп салу жоспарда болса, әр мектеп кемінде 150 мұғалім қажет етеді. Ал осы уақыт аралығында 150 000-нан аса мұғалім даярлау керек.
Осы тұрғыда білім саласының сарапшы-мамандары «Білім-Инновация» лицейлерінің сапалы оқушымен қатар, білікті ұстаздар жетілдіруде де үлкен жұмыстар атқарып отырғанын айтты.
«Білім-Инновация» лицейлері кадрларды бөлісуді тоқтатпасын. Себебі, бұл мектептер белгілі бір тұрғыда педагогикалық университеттерді алмастырып отыр деп айтсам артық болмайды. Неге? Өйткені, мен Тараздағы педагогикалық университетте оқыдым. Сонда оқып жүргенімде практиканы БИЛ лицейінде өттім. Көп дүниеге куә болдым. Сондықтан әлі күнге дейін педагогикалық университеттерде реформа қажет етіліп тұр. Ол реформа болып бітемін дегенше осындай экожүйелер қалыптасып, солар педагогикалық функцияны өздеріне жүктеме алуын жалғастырса деген тілегім бар», - деді орта білім саласындағы сарапшы Нұрмұхамед Досыбаев.
Астана білім басқармасының бөлім басшысы Асыл Амангелдиева да сапалы мұғалімдерді жетілдіруде «Білім-Инновация» лицейлерінің тәжірибесі оң әсер беріп отырғанын алға тартты. Мәселен, БИЛ-дың «Құндылықтарға негізделген білім беру» жобасы қазіргі таңда Елордадағы 25 мектепке енгізіліп, өте жақсы жемісін беріп келеді.
«Сапалы білім беру әр ұстаздың міндеті. Сондықтан ұстазымыздың да сапасы жоғары болғаны дұрыс деп ойлаймын. Жалпы бізде тәрбие қалып барады. Астана қаласының мектептерінде тәрбие жағы әрине аса көңіл бөлуді қажет етеді. Соның нәтижесінде «Білім-Инновация» лицейлерінің құндылыққа негізделген жобасы керемет жол бастады. Бүгінгі таңда Астана қаласының 25 мектебіне енгізіліп отыр. Және өте жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз, - А.Амангелдиева.
Айта кету керек, «Білім-Инновация» лицейлерінде қазіргі таңда 1680 педагог қызмет етеді. Оның ішінде 861 ағылшын тілін меңгерген. Лицей ұстаздарының қатарында Гиннес рекордсмені, «National Teacher Prize» сыйлығының иегері, CTS STEM Education бойынша «Үздік химия мұғалімі» сыйлығының иегері, «National Teacher Prize» сыйлығының иегерлері бар.
Бораттың елінің балалары біздің елдің балаларынан озып кетті...
Белгілі қазақстандық ғалым, математик Асқар Жұмаділдаев «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен республикалық деңгейдегі конференцияда Англияда бастан өткізген ерекше оқиғасымен бөлісті.
«Англиядағы «Ньютон» институты мені шақырды. Ол жақта семестр емес, тоқсанға бөлінді. Мен сол жақта бір тоқсандай жұмыс істедім. Сонда жүргенде бір күні халық шулап жүрді. Ойбай, бұл қалай болып кетті деп. Не боп қалды дедім. «Гардиан» газетіне мынадай мақала шығыпты. «Гардиан» дейтін біздің «Казправда» сияқты газет қой. Ең крутой газеті. Англияның. Сонда былай деп жазыпты. Бораттың елінің балалары біздің елдің балаларынан озып кетті... деп жазып қойыпты. Неден озып кетті? Сөйтсек математикадан озып кетіпті. Сөйтсек PISA әлгі рейтингісінде бірінші орын ба екінші орын ба алып қойыпты. Соған бүкіл әлем шулап жатты. Ойбай неге озып кетті деп. Қазір қарасаңыз рейтингтен түсіп қалды деп жатады. Бос сөз», - деді белгілі математик.
Сонымен қатар, ғалымның айтуынша, адам өз жетістігіне мақтана білу керек.
«Адам өзінің жетістігіне мақтана білу керек. Шын мақтанатын нәрсе бар ма? Мен үш нәрсені айтайын. ФизМат мектебі, БИЛ лицейі, Назарбаев зияткерлік мектебі. Мен білетін үщ жүйе бар. Үшеуі де керемет. Бірінші шыққан ФизМат мектебі. Одан кейін лицей және Назарбаев зияткерлік мектебі. Мен БИЛ дың осындай нәтижеге жеткеніне қуанамын», - деді А.Жұмаділдаев.