14 жасар жасөспірімді зорлаған: шекарашылар күдіктіні Сарқан ауданының тауларынан ұстады

Автор: Azattyq Rýhy

Қашып жүрген 38 жастағы ер адам екі тәулік бойына іздеуде болған

Фото ашық дереккөзден

Жетісу облысының тауларында шекарашылар ер адамды ұстады. Ол 7 қарашада 14 жасар жасөспірімге қатысты аса ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінген. Қашып жүрген 38 жастағы ер адам екі тәулік бойына іздеуде болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жетісу облысы полицейлерінің мәліметінше, күдікті Сарқан ауданының тауларында Тополевка ауылынан 10 шақырым жерде ұсталған. 38 жастағы ер адам аудандық полицияға жеткізілді. Оны облыстық ҰҚКД Сарқан шекара заставасының шекарашылары ұстады.

«Ұсталған ер адам 7 қарашада 14 жасар жасөспірімге қатысты аса ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінген. Екі тәулік бойында қашып жүрген оны іздеуге бірнеше аудан полицейлері мен облыстық департаменттің жедел қызметкерлері жұмылдырылған», - деп хабарлады полициядағылар.

Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, күдіктіні іздеу үшін таулы және дала жерлерді шолып шыққан бірнеше іздеу топтары құрылған. Күдіктіге қатысты бағдар әлеуметтік желіге орналастырылып, өңірдің барлық полиция бөлімшелері оны іздеуге жұмылдырылды. Іздеу іс-шараларына полицейлер арнайы техниканы да тартты.

«Іс бойынша тергеу ҚР ҚК 121-бабының 3-1-бөлігіне сәйкес жүргізіледі (кәмелетке толмағанға қатысты жасалған сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері). Қылмыстық іс ерекше бақылауға алынды», - деп мәлімдеді Жетісу облыстық ПД.