Заң бизнесті тексеруді реттейді
Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жедел ден қою шараларын қабылдау мемлекеттік органдарға құқық бұзушыларға заң жүзінде ден қоюға және бизнес субъектісінің кінәсінен туындаған халықтың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін қоғамдық қауіпті қолайсыз оқиғалардың басталуын болдырмауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта мемлекеттік бақылау 90-нан астам кәсіпкерлік қызмет саласында жүзеге асырылады», - деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Ол атағандай, бұл ретте бақылау жүргізудің жалпы тәртібі Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген.
«Сонымен қатар өз ерекшелігі бойынша бақылау және қадағалау органы тарапынан жедел ден қоюды талап ететін бірқатар салалар бар. Бұл салаларда бақылау субъектісін, оларды жүргізу уақытын, субъектінің және объектінің орналасқан жерін алдын ала айқындау мүмкін емес. Сондай-ақ бақылау субъектілерін алдын ала хабардар ету және тексерулерді прокуратура органдарында тіркеу мүмкіндігі жоқ. Осыған байланысты бұл салаларда бақылау жүргізу тәртібі жалпы тәртіптен шығарылған және мына салаларда салалық заңдар деңгейінде ғана белгіленуге тиіс. Бұл бақылау және қадағалау органдарына қоғам үшін қауіпті зардаптардың туындауын болдырмауға, мемлекеттік бақылау жүйесін ретке келтіруге, кәсіпкерлік қызмет үшін оларды жүргізудің ашықтығына кепілдік беруге мүмкіндік береді», - деді министр.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нәжметдинұлының айтуынша, заң жобасының негізгі міндеті – мемлекеттік органдар тарапынан бизнеске тексерулер жүргізу кезінде ашықтықты қамтамасыз ету.
«Депутаттар заң жобасы арқылы енгізілген өзгерістер мен толықтырулар кәсіпкерлік қызметті жүргізу жағдайларын жақсартуға, мемлекеттік бақылау жүйесін ретке келтіруге, оларды жүргізудің ашықтығына кепілдік беруге, сондай-ақ бизнеске жүктемені азайтуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және тұтынушылар, кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекет мүдделерінің теңгерімділігін қамтамасыз етуге бағытталған деген қорытынды жасаған», - депутат.
Парламент Мәжілісінің барлық комитеті заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берген. Жұмыс тобына 1353 түзету келіп түсті, олар мүдделі министрліктер, ведомстволар, қоғамдық бірлестіктер мен сараптама ұйымдары өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының жиырма екі отырысында, сондай-ақ Комитеттің кеңейтілген отырысында қаралған.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ