Депутат кәсіпкерлердің тексерістен өту үшін пара беретінін айтты
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ринат Зайытов заң жобасын талқылау кезінде бизнесті тексеру мәселесін көтеріп, Ұлттық экономика министріне сұрақ қойды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бізге көп өтініш түседі. Мына шағын және орта бизнеске 2019 жылы қателеспесем, мораторий жарияланды. Тексеруге және тағы басқасына. Шағын және орта бизнестің осы мүмкіндікті пайдаланып, дамуына біресе пандемия, біресе инфляция кедергі болды. 2024 жылдан бері (мораторий) бітеді деп отыр. Қазір олар екі көзі бақырайып, қорқып отыр. Бізді қайта тексере бастайды. Сіз тексеру қалай болатынын білесіз. Анау келіп бір пара сұрайды, мынау келіп бір пара сұрайды. Осы жағынан шағын және орта бизнесті қолдауға қатысты қандай іс-әрекеттер жасалады?», - деді ол.
Ринат Зайытовтың екінші сұрағы ауыл шаруашылығы мәселесіне қатысты болды.
«Екінші сұрағым. Ауылдарда өзіңіз білесіз, мал бағады. Халық етін сатайын десе, дұрыс бағамен сата алмайды. Не тері, не жүн өңдей алмайды. Не ет өнімдерін өңдеп сата алмайды. Осы бағытта қандай бағдарлама бар және ол қашан басталады?», - деді ол.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Ринат Зайытовтың сұрағына жауап берді.
«Осы жылдың соңына дейін тиісті мораторий микро және шағын бизнеске ұзартылды. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Үкімет 70 қадағалау саласында тәуекелді басқару жүйесін енгізді. Осындай физикалық тексерулер тиісті автоматтандырылған, жаһандық интеллектпен анықталатын адамның қатысуынсыз осындай кестемен жасалады. Сол себепті физикалық тексерулер жайдан жай белгіленбейді. Бұл заңдар бойынша осындай тексерулер екі есе қысқартылады. Ал субъектілердің әкімшілік жауапкершілікке тартылуы бірнеше есеге қысқартылады. Әрине, осындай бақылау өз күшінде қалады», - деді министр.
Ол ауыл шаруашылығы саласындағы өнімді тексеру қажеті сақталатынын айтты.
«Ауыл шаруашылығы саласында ет пен өзге өнімдерді міндетті түрде тексеру керек. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер тексеруді өткізе алады», - деді Қуантыров.
Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып жатыр.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ