Қала аумағына кіріп-шығуға бірнеше сағат уақыт қалды
Петропавл қаласы 3 сәуірде түнгі сағат 00.00-ден бастап карантинге жабылады. Бұл жөнінде жергілікті QYZYLJAR телеарнасы арқылы шұғыл мәлімдеге жасаған Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов мәлімдеді.
Осы уақытқа дейін Петропавлда 5 бірдей инфекция ошағы анықталған. Коронавирустың таралуының алдын алу мақсатында облыс басшылығы қатаң шектеу шараларын күшейтілген карантин режиміне көшірілетінін айтты. Қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтатылады. Тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар жұмыс істейді.
«Қалаға кіретін жолдардың барлығы жабылады. Егер шұғыл кету керек болса, бірнеше сағат уақыт бар. Біз төтенше жағдайға алып келген коронавирустың таралуын тоқтату мақсатында осындай қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр болып отырмыз. Көшелерде санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіледі», - деді Құмар Ақсақалов.
Халыққа тек жұмысқа, азық-түлік дүкендері мен дәріханаларға баруға рұқсат. Одан басқа мақсатпен далада жүргендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тәртіпті бұзғандар 26 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуі немесе әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.
«Петропавл қаласында 5 инфекция ошағы тіркелді. Олардың бірі 1-ші қалалық емханаға барған. Вирустық сырқат белгілері бар қала тұрғындарынан медициналық мекемелерге бармауды сұраймын. Егер шағым болса, 103 қызметіне хабарласыңыздар. Қазпошта қызметкерлері зейнетақыны зейнеткерлердің үйлеріне апарып береді. Сұрақтарыңыз болса, 109 call-орталығына хабарласыңыздар. Карантин – өзін-өзі оқшаулау. Қала басқа режимге көшеді. Біздің жау көзге көрінбейді. Бұл уақытша қиындықтар. Халықтың шыдамдылығы мен жауапкершілігі қажет. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп айтқан Бауыржан Момышұлы. Біз міндетті түрде жеңіп шығамыз», - деді Ақсақалов.
Бүгінгі күні облыста коронавирус жұқтырған 7 адам тіркелді. Барлығы инфекциялық стационарға жатқызылды. Байланыста болғандар анықталып, карантинге алынды. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқастардың жағдайы бірқалыпты.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО