«Екпе салуды күшейту қажет»: Сұлтанғазиев қызылша жайлы

Автор: Аманалина Тоғжан

Биыл 11 мың адам қызылша жұқтырған

Фото: rebenok-clinic.ru

Соңғы кездері елімізде, әсіресе, балалар арасында қызылшамен ауру жағдайы жиілеп кеткен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Сенаттың жалпы отырысының кулуарында дерттің өршуіне қатысты Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев түсініктеме берді.   

«Биыл қызылшамен ауырғандар саны 11 мыңнан асып түсті. Жағдай әсіресе Шымкент, Алматы қалалары мен Алматы, Жамбыл облыстарында ушығып тұр. Жалпы сырқаттанған адамдардың 83%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Олардың басым бөлігі, яғни 85%-ы – екпе алмаған балалар. Сондықтан екпені нығайту бойынша жұмыс жалғасып жатыр. 6-11 айлық сәбилер мен 2-5 жас аралығындағы балаларға екпе салынады. Ал екпе алмағандардың басым көпшілігінде медициналық қарсы көрсетілімдері бар немесе әлеуметтік желілерден шындыққа жанаспайтын ақпараттар алған. Соған байланысты ата-аналар балаларына екпе салдырудан бас тартып жатыр», - деп түсіндірді бірінші вице-министр.

Оның айтуынша, қызылша ауруының таралуы тек елімізде ғана емес, әлемде де орын алып отыр.

«Қызылшамен ауырудың бұлайша көбеюі Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде орын алып отыр. Оның негізгі себептерінің бірі – коронавирус инфекциясына қарсы шаралар кезінде вакцинация жүргізудің төмендеп кетуі. Ал елдегі белгілі бір өңірлерде қызылшаның өршуі – ол аймақтарда халықтың тығыз қоныстануы және сәйкесінше, демографиялық көрсеткіштің жоғарылауымен байланысты. Сол үшін инфекция жұқтырғандар саны да көп», - деді Тимур Сұлтанғазиев.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ