Алматыда мектеп күзетшісі 6-сынып оқушысын зорламақ болған

Автор: Azattyq Rýhy

62 жастағы күзетші қазір 15 тәулікке қамауға алынды

Бейнеден кадр

Алматыдағы мектептің бірінде 62 жастағы күзетші ішімдікке тойып алып, 6-сынып оқушысына жәбір көрсетіп, арам ойын іске асырғысы келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.

Күзгі демалыстың бірінші күні 12 жастағы жеткіншек үшін сұмдық оқиғамен басталды. Дәл осы жерде, білім ордасына кіре бергенде күзетші қызды күшпен ұстап, озбырлық көрсеткен. Ал мектеп әкімшілігі бұл істі жылы жауып қойғысы келген көрінеді. Ата-аналар жиналған бетте директор осы сыртқы есіктен қашып кетті дейді.

6-сынып оқушысы мектепке құрбысының үй тапсырмасын алып кетуге барған. Пән мұғалімі оны күзетшінің жанында қалдырған. Сол мезетте алпыс екі жастағы күзетші қызды бас салып, құшақтап, сүйген.

«Қызым келгенде денесі дірілдеп, сөйлей алмай өте жаман хәлде болды. Айтып жеткізу мүмкін емес. Күзетші сағат 11-ден бастап ішкен көрінеді, қызым сағат екілердің шамасында мектепте көп адам болмағанда барған. Сүйіп, әдепсіз әрекеттер жасаған. Мектептің тарапынан ешқандай көмек болмады, олар бізде шу шығармаңыздар деп түрлі ұсыныстар жасады. Күзетшінің қызы келіп ақша ұсынды, әкесі ұзақ жылдар бойы ішімдік ішетінін айтты. Мен қызымды директор орнын босатпайынша мектепке жібермеймін», - дейді қыздың анасы Юлия.

Сұмдық оқиғаны бастан кешірген жеткіншек бірден атасына хабарласып, мән жайды айтып берген. Ашуға булыққан ақсақал немересіне озбырлық жасаған күзетшімен әңгімесінің аудиожазбасымен бөлісті.

 «Жолдасым күзетшімен сөйлесуге келгенде ол мас болып отырды, айналасында бөтелкелер толы. Бар жігерін жинап ол кісіге қолының ұшын да тигізген жоқ. Біз ата-аналар болып директор мен әкімшілікті жазалауын сұраймыз», - деді қыздың апасы Татьяна.

Мектепте болған жаға ұстатарлық жағдайдан кейін ата-аналар директордан жауап алмақшы болған.

 «Балаларымызды бұл мектепке қалай жіберетінмізді білмейміз. Кеше директормен кездесуге келдік. Бірде бір сұрағымызға жауап бермеді. Мұғалімдер бүгін екінші есіктен қашып шығып жүр, директор камераларды көре сала қашып кетті. Бұл мектепте балалардың қауіпсіздігі үшін ешқандай жағдай жасалмаған», - дейді ата-ана Дарья Шестакова.

Мектеп директоры түстен кейін ғана қарасын көрсетті. «Ішімдік ішкен күзетшіні біз емес, жеке компания жұмысқа алды» деп жауап берді.

«Біздің тарапымыздан «Алтын Әлем групп» ЖШС-мен келісімшартты бұзып, шағым түсіріп хабарлама жібердік. Шараға байланысты тәртіптік жаза пән мұғаліміне алынды, одан кейін тәрбие ісі жөніндегі орынбасарға берілді және мектептің әкімшілік, завхозға да әкімшілік тарапынан сөгіс берілді», - деді мектеп директоры Гүлшат Аминова.

Оқиға болған күннен бастап күзетші жауапкершілікке тартылып, жұмыстан босатылған. Қазір 15 тәулікке қамауға алынған.

 «Алматы қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша Алатау аудандық полиция басқармасымен ҚР ҚК 124-бабы 1-бөлігіне сәйкес тергеу жүргізіп жатқанын хабарлайды. Сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», - деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Жәбір көрген 12 жастағы жеткіншектің жақындары күдіктіні ғана емес мектеп әкімшілігіне қатысты жаза тағайындалуын талап етіп отыр.