Астанада бұрынғы вице-министр Нұржан Әлтаевқа қатысты сот отырысы басталды

Автор: Аманалина Тоғжан

Оған аса ірі мөлшерде ақша түрінде пара алды деген айып тағылып отыр

Фото ашық дереккөзден

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі бүгін, 31 қазанда Нұржан Әлтаевқа (экс-вице-министр) қатысты іс бойынша алдын ала тыңдалым басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

Оған аса ірі мөлшерде ақша түрінде пара алды деген айып тағылды (ҚК 366-бабының 4-бөлігі).

Н.Әлтаев 2018 жылдың ақпанынан 2020 жылдың шілдесіне дейін «Атамекен» ҰКП мүдделері үшін тиімді ресми шешім қабылдауға ықпалдасып, делдал арқылы А.Мырзахметовтен пара ретінде жалпы сомасы 50 млн теңгеден астам (115 мың АҚШ доллары және 8 млн 150 мың теңге) ақшалай қаражат алды деп айыпталған.

Қылмыстық іс 15 томнан тұрады, іс бойынша 18 куәгер өткен.

Еске сала кетейік, 7 маусымда Мәжілістің бұрынғы депутаты Нұржан Әлтаев пара алды деген күдікпен ұсталған болатын. Антикор Нұржан Әлтаевтың Абылай Мырзахметовтен ай сайын 5 мың доллар пара алып отырғанын мәлім етті.