Оларға компания көмек көрсетіп жатыр
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Үкімет отырысында «Костенко» шахтасындағы жағдай жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Костенко» атындағы шахтадағы жағдай бойынша облыстық жедел штаб жұмыс атқаруда. Бүгін таңертең медициналық мекемелерде 27 зардап шегуші бақылауда қалуда. Біреуінің жағдайы ауырлау, 24-інің жағдайы орташа және екеуінде қанағаттанарлық болып отыр. Барлық пациент қажетті медициналық көмек алуда, оңалып келеді.
Қаза тапқан әрбір кеншінің отбасына мемлекеттік органдардың басшылары мен депутаттар бекітілді. Олар жерлеу рәсіміндеріне қатысып, тиісті төлемдерді бақылайды және тұрмыстық проблемаларын шешеді», - деді облыс әкімі.
Ол атағандай, жерлеу және еске алу кештерін өткізуге, көлікпен қамтамасыз етуге қажетті көмек көрсетілуде.
«Сондай-ақ басқа өңірлерден, жақын және алыс шетелдерден туыстары мен жақындарының келуі және жеткізілуі бойынша жәрдем атқарылуда. Қаза тапқан кеншілер отбасыларының әлеуметтік портреттері жасалды. Көпбалалы отбасылары, сондай-ақ жалғыз асыраушысы және кәмелетке толмаған балалары бар отбасылары анықталды. Қаза тапқандардың ипотекалық және басқа да несиелері мен олардың тұрғын үй жағдайлары туралы ақпарат жиналды. Қаза тапқандардың отбасыларына мемлекет тарапынан материалдық көмектің барлық түрлері түсіндірілуде: «АрселорМиттал Темиртау» жерлеу шығындарын ұйымдастыру және төлеу бойынша міндеттемелерді орындауда.
Компанияның қалған міндеттемелері кезең-кезеңімен орындалатын болады, оларды облыс әкімдігі бақылауда ұстайды.
Зардап шеккендерге және олардың отбасыларына қажетті көмек дереу көрсетіледі», - деді ол.