Алдағы екі жылда Жетісу облысында 16 мектеп салынады

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл туралы Мемлекет басшысының өңірге сапары кезінде айтылды

Соның ішінде 6600 орындық 7 оқу ордасы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мемлекет басшысы Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты.

Президентке Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәлімет берді.

Әкімнің мәліметінше, 2023-2025 жылдары 8,8 мың орындық 16 жаңа мектеп салу жоспарланған, соның ішінде 6600 орындық 7 оқу ордасы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынады және 1800 орындық 2 мектептің құрылысы биыл басталған.

Денсаулық сақтау саласы бойынша 8 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жергілікті бюджет есебінен 21 блокты-модульді кешен салынған. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін тағы 59 нысан салу жоспарланған.

«Ал мәдениет саласында 5 нысанның құрылысы жүргізіліп, тағы 8 нысан күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Биыл облыста 14 спорт нысаны салынып жатқаны жөнінде айтты. Сонымен бірге жергілікті бюджет есебінен 3 блокты-модульды кешен салынады. Ал демеушілер есебінен Талдықорған қаласында жыл бойы жұмыс істейтін «Jetysu Аrena» жабық спорт кешені іске қосылған», - делінген Ақорда хабарламасында.

Бұл кешенге 867 миллион теңге инвестиция салынған. Жетісу облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 3 988 шақырым. Биыл облыстық маңызы бар 221 шақырым жол мен 73 елді мекендегі 249 шақырым ауылішілік жолдарды салу және қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың даму қарқынын оң бағалап, осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыруды тапсырды.