«Қазақ мемлекеті болмады деу – надан сөзі» – ғалым Мұхит-Ардагер Сыдықназар

Автор: Сымбат Ғалымжан

Ата-бабадан ұрпаққа қалған басты мұра – мемлекеттілік

«Қазақстан Республикасындағы мереке күндері туралы» Қазақстан Республикасы президентінің 1995 жылдың 18 қазандағы Жарлығымен 25 қазан Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесі – республика күні болып жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Алайда 6 жылдан кейін, 2001 жылдың 13 желтоқсанында «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заң қабылданғаннан кейін Республика күнінің мәртебесі мемлекеттік мерекеге өзгертілді. 2022 жылдың маусымында Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып, 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке ретінде белгіленді.

Еліміздің тарихындағы елеулі датада Қазақ мемлекетінің тарихын зерттеп, ортағасырлық 130-дан астам картаны бір кітапқа біріктірген филология ғылымдарының кандидаты, саясаттану ғылымдарының докторы, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» мемлекеттік наградасының лауреаты, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің Заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың пікірін ұсынады. 

ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ ТАРИХЫ – ЕУРОПА ЖӘНЕ АҚШ КАРТАЛАРЫНДА

«Басты мейрамымыз – республика күні құтты болсын! Еліміздің қанаты талмасын, Отанымыз гүлдей жайнасын! 17 жыл зерттеудің нәтижесінде Қазақ мемлекетінің 15-19-шы ғасырдың 2 мыңнан астам картасы табылды. Ең көнесі 1530 жылға тиесілі. Мені қызықтыратыны – отарлау кезге дейінгі, еуропалық, кейінірек, америкалық карталар. Бұл карталардан Қазақ мемлекеті өзінің этноним және политонимдерімен көрсетілген», - дейді ғалым.

Этноним дегеніміз – ел атауы, политоним – мемлекет атауы.

«Осы зерттеулердің нәтижесінде 2021 жылы Брюссельде 3 тілде – қазақ, ағылшын және орыс тілінде үлкен кітап-атлас жарыққа шықты. Ол бельгиялық картографиялық қағазға басылды. Салмағы – 6 келі. Тарихтан білеміз, бельгиялық картографиялық қағаз 600 жыл бойы сарғаймайды. Екіншіден, біздің ғылыми, мәдени, ақпараттық айналымда Қазақ мемлекетінің көне еуропалық, америкалық карталарын енгізген болатынбыз. 20 бұрын-соңды болмаған жазба дерегі, сонымен қоса, нақты көрсетілген Қазақ мемлекетінің 60-тан астам политоним мен этнонимі енді», - дейді ғалым.

2021 жылы 16 желтоқсан қарсаңында Брюссельде ғалымның «Тарих толқынындағы Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі. XV-XIX ғасырлардағы еуропалық және американдық карталардағы Қазақ мемлекеті» атты бірегей кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Кітап бұл елдің Корольдік кітапханасының тізіміне енген.

Автордың айтуынша, 1465 жылы Қазақ хандығы құрылған сәттен бастап мемлекет атауы Бельгия, Нидерланд, Англия, Ирландия, Франция, Италия, Германия, Австрия, Шотландия мен АҚШ-тың озық картографиялық баспаларынан шыққан атлас карталарында тұрақты түрде қатысып отырған.

ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ БОЛМАДЫ ДЕУ – НАДАНДАР СӨЗІ

«Қазақ мемлекеті болды. Ал, алып-қашпа әңгімелер, мемлекеттің болған, болмағанына күдікпен қарау – таза надандардың сөзі. Еуропалық қана емес, Шығыс елдері деректерінде де нақты көрсетілген. Мәселен, Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» шығармасында 1465 жылы Қазақ мемлекетінің негізін қалаушылар Керей мен Жәнібек хандар Шу бойында Қазақ мемлекетін құрды деген дерек бар екені баршаға мәлім», - дейді профессор.

 «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XVІ-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті» атты еңбегінде автор мемлекеттігіміз анық көрсетілгенін және орта ғасырлардан, яғни 1562 жылдан бастап 1879 жылға дейінгі кезең қамтылғанын айтады. Барлығы – 130 карта. Автор кітаптың Бельгия баспасынан шығуын бельгиялық, нидерландық картографтар Қазақ мемлекеттілігін алғашқылардың бірі болып картаға түсірумен байланыстырады.

«ЖЕТІ, ЖЕТЕ, ҚАСҚА» СӨЗДЕРІ – «ҚАЗАҚ» СӨЗІНІҢ БАЛАМАСЫ

«2 мыңнан астам карта 17 жылдың ішінде еуропалық архивтерде, музейлерде, еуропалық корольдік картографиялық коллекцияларда табылған. Қазақ мемлекетінің көне карталары АҚШ-та, оның ішінде Стенфорд, Йель университеттерінің топтамаларында сақталған. Таяу Шығыста, мәселен, Израиль, БАӘ, Сингапур елдерінде біраз карта табылды. Көбінесе, еуропалық болған соң, кәрі құрлық елдерінің мұражай, архивтерінде сақталған. Атласта карталар 26 параметр бойынша нақты көрсетілген.

Біз картаны зерттеген кезде оның ішінде «қазақ» деген түбірімен басқаша этнонимдер бар. Мәселен, «жеті, жете» деп көрсетеді.

Мәселен, бізді «жетіген» музыкалық аспабы бар. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дейміз. Ал енді зерттеулер негізінде «нағыз қазақ жетіген» екен. Өйткені, «жетіген» сөзінің мағынасы «қазақ» деген мағынаны береді. Шағатай, қазақ, қыпшақ сөзін зерттейтін ғалымдардың айтуынша, «жеті, жете, қасқа» деген сөздер «қазақ» сөзін білдіреді», - деп бұрын-соңды айтылмаған, қызықты дерекпен бөлісті.

«Kazak», «Qazaqі», «Казак», «Mamlakati Qazaq» сияқты автоэтноним, автополитоним мен автократонимі бар карталарды ғалым арнайы іздеген.

«Ақыры оларды таптым. Дәл осындай бірінші карта 1562 жылы шыққан және онда латын әліпбиінде «Cassakia» деген сөз анық жазылған. Бұл – Польшаның Вроцлав қаласынан табылған тарихи жәдігер», - деді автор.

ӨКШЕЛІ АЯҚ КИІМ АНГЛИЯҒА ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНАН БАРҒАН

1562 жылғы картаны британиялық дипломат, тарихшы этнограф, картограф, саяхатшы Энтони Дженкинсон жасады. Ол Қазақстанға XVI ғасырда 4 рет келген. Осы ретте, ғалым тағы бір қызық деректі айтты. Энтони Дженкинсон сызбаларына қазақ қызы Ару Сұлтан көмектескен.

«Тарихи карталар, бұл тек география мен тарих қана емес. Сонымен қатар, әлеуметтану мен лингвистика, әдебиеттану, түркітану. Керек десеңіз, ұлттық костюмнің тарихы да бейнеленген. Британдық кітапханасында түркі дүниесі мен ислам өркениетінің Лондондағы 1562-76 жылдары, Хақназар хан тұсындағы тұңғыш елші ретінде Ару Сұлтан есімді қазақ қызының барғаны жазылған. Яғни, Ару Сұлтан – сол кездегі қазақ аристократиясының өкілі, барлық жағынан құзіреттілігі бар Лондондағы тұңғыш елші. Бұл, сонымен қатар, қазақ қоғамындағы әйел образының орнын көрсететін факт әрі Хақназардың даналығы. Ол кезде Англияны басқаратын – Елизабет I. Дана Хақназар патшайымға Ару Сұлтанды жіберіп отыр. Ал, Ару Сұлтан тек қана қазақ емес, араб, парсы, шағатай тілдерін меңгерген болатын. Лондонға келгенде, ағылшын және басқа еуропалық тілдерді меңгереді. Британ хроникасында «Ару Сұлтан патшайымға өте ықпалды дама» деп жазылған. Патшайым туралы хроникаларда «Ару Сұлтанның тапсырмасы бойынша біз бірінші рет былғарыдан аяқ киім жасадық. Кейінірек, 4 жылдан кейін Ару Сұлтан өкшелі аяқ киім жасауға тапсырыс берді» деп жазылған. Ол кезде Еуропада, Англияда мата, бархаттан жасалған аяқ киім киген. Яғни, Ару Сұлтан – Британ сарайына былғарыдан жасалған аяқ киімді алғаш болып енгізген бірден-бір тұлға. Өкшенің бір ғана функциясы бар, жалпы. Жылқының үстінде үзеңгіге аяқты нық ұстап отыру. Ару Сұлтанға Ипполита қосымша аты да берілген. Яғни, ол Англияда берілген аты. Ипполита деген көне грек мифологиясында амазонкалардың патшайымы болатын. Ал Ару Сұлтан біздің көшпенді өркениеттің өкілі ретінде, қазақ мемлекетінің өкілі болған соң, оған Ару Сұлтана Ипполита деген қосымша ат қойылады», - деді ғалым.

ТҮРКІ ТІЛДЕС ХАЛЫҚТАРДЫ «ТАРТАРИЯ» ДЕП АТАҒАН

«Chalzag Stati del Tartaro» дегеніміз – «Қазақ Түріктерінің Мемлекеті» деп аударылады.

«Мен Жаратушыға, ата-бабаларымызға разы болдым. Себебі қазақты әлем картасында ғасырлармен ешкіммен де шатастырмаған. Бұл карталарда XIX ғасырға дейін еуропалық, америкалық картографтар Қазақстанның колонизацияға дейінгі дәуірін біздің автоэтноним, автократоним және автополитонимді нақты әрі дұрыс жазған.

Бұл кітап ең алдымен болашақ пәнаралық зерттеулер үшін жазылды. Мен ғалым ретінде бұл кітапты ғылыми мақсаттар үшін жаздым. Әрине, менің арманым біздің мектептерде, оның ішінде, тек ірі қалалардағы ғана емес, шалғай аудандар, ауылдардағы кішігірім орта білім ошақтарының қабырғасында бұл карталардың 130-ы болмаса да, 10-20-сы ілініп тұрса екен деп армандаймын.

Біздің балаларымыз бұл карталарды көріп, ата-бабаларымыздың бізге әлемнің 9-шы территориясын, мемлекетін қалдырғанын білуі керек.

Ата-бабадан ұрпаққа қалған басты мұра – мемлекеттілік. Екінші мәселе, біздің мемлекеттік органдарда, мұражайларда алдағы уақытта Қазақ карталары бейнеленген арнайы залдар ашылуы керек. Менің еңбегім сол үшін де жасалды», деп басты миссиясын айтты.