Республика күні жасампаздық мерекесі - орыс мәдени орталығының төрағасы

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Республика күні елдегі жалғыз ұлттық мереке саналады

Бұл күн  елдегі  әрбір азамат үшін өте маңызды мереке. Өйткені, бұл күн Егемендік Декларациясын қабылдаған тарихи сәт саналады. Azattyq Ruhy тілшісі бейбіт күннің бастауына, елдің дамуына түрткі болған күн туралы  елімізде өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерінің пікірін білді.

Өткен ғасырдың аяғы алпауыт басқыншы империя мен державалардың құрамында қалған шағын елдерді қайта қалпына келтіру төңірегінде саяси тартыстың әбден күшейген кезі саналады. Жанталасқа толы бұндай көріністер  Еуразия кеңістігін де шарпыды. Бірқатар аймақта тартыстар қақтығысқа ұласса, өзгелерінде эволюциялық бейбіт жолмен болашақ мемлекет мәселелері төңірегіне қоғам топтаса бастады. Қазақстанның сол кездегі қоғамы да ұлттық мемлекетті құру жолындағы маңызды құжаттарға қантөгіссіз, төзімділікпен, біліммен, мәдени жолмен жетті. 

 «Республика күні - еліміздің барлық азаматтары үшін ортақ мереке. Мен үшін бұл күн патриотизммен, ұлттық бірегейлікпен байланысты. Өткен жылдан бері бізде жақсы дәстүр қалыптасты, ол - ұлттық туды көтеру. Осы арқылы біз ұлттық рәміздерге деген құрметімізді тағы бір рет көрсетіп отырмыз. Шынында да, бұл барлық азаматтарды этникалық, ұлттық шығу тегіне, діни, әлеуметтік және басқа да қалауларына қарамастан біріктіретін мереке. Тарих пен қазіргі заман тұрғысынан республикамыздың қандай жетістіктерге жеткенін көрсететін және айтатын мереке. Егер тарих біздің егемендікке қалай қадам басқанымызды, тәуелсіздік үшін күрескенімізді көрсетсе, онда қазіргі заман тұрғысынан бұл қазіргі Қазақстанның жетістіктері, оның әлемдік аренада және біздің өңірде халықаралық мойындалуы», - деді  Алматы қаласы Азаматтық Альянсының төрағасы Қайыржан Әбдіхалықов.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің талқылауына түскен «Мемлекеттік Егемендік туралы Декларация» жобасын академик С. Зиманов бастаған ғалымдар мен қоғам қайраткерлері әзірледі. 15 тармақтан тұратын Декларация ұзақ уақыт ашық талқылауға түскен.Ұлттық мемлекет болып қалу жолындағы өлермендік пен саяси-күш жігерді зиялы қауым өкілдері осы құжатқа жұмсаған. Академиктердің толассыз баяндамалары, жиі ұйымдастырылған ғылыми-теориялық конференциялардан соң барып құжат 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің отырысына шығарылған. Әрбір тармағы жеке-жеке дауыс беру арқылы шешілген талқылау отырысына  Жоғары Кеңестегі 350 депутат қатысқан. Олардың ішіндегі 71 депутаттың қарсы болғанына қарамастан Егемендік Декларациясы қабылданды. Осынау аса ауыр тартыспен қабылданған Егемендік Декларациясы қазақ елі үшін бүгінде жалғыз ұлттық мереке саналады.

«Бұл сезіну, шешім қабылдау мерекесі және жасампаздық мерекесі. Республика күні дегенде маған осындай ой оралады. Бұл біз Тәуелсіздік декларациясына сүйене отырып, жаңа ел құруды бастаған кезіміз. Республика күні елдегі жалғыз ұлттық мереке екенін және оның маңызы өте жоғары екенін атап өткім келеді. Бұл күн біздің мемлекет ретінде қалыптастақынымызды білдіреді. Республика күні – бұл  біздің болашағымызды жасау», -деді», - деді Қазақстан халқы ассамблеясының орынбасары, Алматыдағы «Қазақстандық Орыс мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Всеволод Лукашев.

Қазақстанның дамуына елеулі ықпал еткен, ерекше тарихи маңызы бар оқиғалардың құрметіне, патриотизм сезiмiн тәрбиелеу мақсатында 1995 жылы Республика  күні  Ұлттық мереке ретінде алғаш рет тойланды. Алты жылдан кейін ол «ұлттық» мерекелік сипатын жоғалтса, 2009 жылы мереке тізімінен мүлдем алынып тасталды.

Былтыр Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Ұлытауда Мемлекет басшысы 25-қазанды қайтадан ұлттық мереке деп белгілеуді ұсынды. Президент Тоқаев «Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек», - деген еді. Биыл бұл күн кең ауқымда екінші рет тойланбақ. Алматы қаласындағы көптеген өзге ұлт өкілдері де Республика күнінің маңыздылығына қатысты ойларын білдірді.

 «25 қазан датасы  егемендік жолындағы алғашқы үлкен қадам. Бұл мереке кеңінен насихатталуы керек. Мен көптеген жастар ұйымдарының түрлі креативті, заманауи іс-шараларды ойлап тауып, Республика күнін мерекелеуге қосылғанына өте қуаныштымын. Бүгінде жастар ел тарихына, оның алғашқы қадамдарына қызығушылық таныта бастады», - деді Қазақстан ұйғыр жастары одағының төрағасы Рустам Қайрыев.

Рустамның сөзінше, Алматы облысында Zhastar Generation – 2023 Республикалық слеті өтіп, оған еліміздің 12 өңірінен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысқан. Іс-шара Республика күнін мерекелеуге орайластырылған. Слеттің ашылуында ҚР туы көтеріліп, Әнұран орындалды. Республика күніне орай этномәдени бірлестіктердің өкілдері бірқатар іс-шараларды жоспарлаған. Кейбіреулер ардагерлерді құттықтаса, басқалары жастарға назар аудармақ. «ҚХА стратегиясын іске асырудағы этномәдени бірлестіктердің рөлі» атты үлкен дөңгелек үстел өтті, шағын футболдан турнир, армян қауымдастығында концерт ұйымдастырылды.

«Біздің Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге Республика күнінің рухы мен мәнін барынша көрсететін жалпыұлттық бастамалар қажет екенін атап өтті. Біздің тарапымыздан көптеген жиындар өтіп жатыр. Іс-шарада республиканың қалыптасу кезеңіндегі оқиғалар, онда мәселелер талқыланды, көптеген интерактивті алаңдар болды, олардың кейбіреулері мемлекеттік рәміздерге арналды. Бұдан басқа, 25 қазанда Алматы көшелерінде интерактивті ойындар жоспарланған. Республика күніне  байланысты дұрыс жауап бергендер үшін Қазақстан символикасы бар сыйлықтар беріледі», - деп толықтырды Рустам Қайрыев.

Республика күні мерекелік сипатынан бөлек Қазақстанды демократияландыру үдерісін дамытуға бағытталғанын да бағамдау қиын емес. Бұл күннің атқарар миссиясы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдарымен де  үндеседі. Айтулы меркеме жас ұрпақты азаматтық және патриоттық құндылықтарға баулуда өте маңызды күн саналады. Алина Канның пікірінше, патриоттық сүйіспеншілікті қалыптастыратын шаралардың арқасында ел тарихы мен қазақ тілін үйренуге белсенді жастар көбейіп келеді.

«Бүгінде жастарымыздың еліміздің тарихына деген қызығушылығы байқалып жүр. Жастарға патриотизмнің үлгісін көрсетіп, біздің тарихымыз туралы көбірек айтуы керек. Республика күнімен барша ел тұрғындарын құттықтаймын. Бұл мен үшін, сондай-ақ еліміздің барлық азаматтары үшін маңызды мереке. Біздің еліміз өркендей берсін!», - деді қоғам қайраткері және қазақ тілі мұғалімі.