БҚО-да полицейлер мен әскерилерге 57 қызметтік көлік берілді

Автор: Azattyq Rýhy

Көліктердің 45-і полицейлерге, ал 12-сі  әскери қызметкерлерге тиесілі

БҚО-да Республика күні қарсаңында құқық қорғау  және әскери бақылау органдарына қызметтік көліктер табыс етілді. Көліктердің 45-і полицейлерге, ал 12-сі  әскери қызметкерлерге тиесілі. Ел тыныштығы үшін сапта жүрген сала мамандарының еңбегін жоғары бағалаған облыс басшысы Нариман Төреғалиев көліктердің  кілтін табыстап,  кәсіби шені өскен бір топ полиция қызметкерлеріне арнайы пагондар тақты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.   

Бұл күні әскери қызметшілер мен полицейлер Жеңіс алаңында сап түзеді. Құқық қорғау және күштік құрылымдар саласы қызметкерлеріне материалдық-техникалық базасын жақсарту  үшін барлық жағдай  жасалуда. Былтыр Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментіне 30 автокөлік берілсе, биыл автокөліктер паркі 140 техникамен толықты. Қала және аудандық учаскелік инспекторларға 45 көліктің кілті тапсырылса, жергілікті әскери басқару органдары мен аумақтық қорғаныс бригадасына 12 жеңіл автокөлік және бір ауыр жүк көлігі  пайдалануға берілді. Қажетті құрал-жабдықтар алу үшін  облыстық полиция департаментіне өткен жылы 8 миллиардтан  астам қаражат бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 13 млрд.-тан асты. Ал аумақтық қорғанысқа бюджеттен былтыр 222  млн.-нан астам қаржы қаралса, биыл  екі есеге жуық өсіп, 415 млн.  қаражатты құрады. Осындай қолдаудың нәтижесінде соңғы  жылдары өңіріміздегі жалпы қылмыс саны 4 713-тен 3 494-ке дейін азайған, яғни 26 пайызға төмендеген.

Салтанатты шарада сөз алған өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы құқық қорғау және күштік құрылымдарының қызметкерлерін еліміздің ұлық  мерекесі - Республика күнімен шын жүректен құттықтады.

 Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Республика күні  еліміздің ұлттық мерекесі қатарына қайта қосылды. Бәріңізге мәлім, 1990 жылғы 25  қазанда «Егемендік туралы» декларация қабылданды,  республикамыз тәуелсіздікке бет бұрды, азат ел болудың  алғышарты жасалды. Сондықтан біз үшін бұл күннің маңызы зор. Қазіргі таңда Жаңа, Әділетті Қазақстанды құрудың  маңызды қадамдары жасалуда. Еліміздің саяси-экономикалық  бағытында, соның ішінде құқық қорғау, күштік құрылымдар  жүйесінде де жаңғыртулар қолға алынғаны белгілі. Полиция қызметкерлері тұрғындардың тыныш ұйқысы үшін күн-түн демей, сапта тұрып қызмет етеді. Адамдарға қиын уақытта қолұшын созып, олардың денсаулығы мен өмірін қорғау үшін алдыңғы шепте жүреді.

Өз уақыттарымен санаспай, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға бар күш-жігерін жұмсайды. Сондықтан мемлекет тарапынан ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қолдау білдіру – еліміздің тұрақтылығы мен бірлігін сақтау жолындағы маңызды қадамдардың бірі.  ҚР Президенті өз Жолдаулары арқылы құқық қорғау жүйесін толық  реформалау аса маңызды міндеттердің бірі екенін айқындап  берді. Қабылданған профилактикалық шаралардың нәтижесінде бұрын сотталғандар тарапынан жасалған қылмыстар саны 13 пайызға, мас күйдегі адамдар жасаған қылмыс 18 пайызға, қоғамдық  орында жасалғаны 15 пайызға және көшеде жасалған қылмыстар саны 14 пайызға төмендеді.

Бүгінде ішкі істер органдары мен күштік құрылымдарда 2 600-ден астам қызметкер, оның ішінде екі  мыңнан астам ер азаматтар мен 300 ден астам нәзік жандар күн-түн демей өз міндеттерін абыроймен атқаруда. Бүгінде  олардың орташа жалақысы 250 мыңнан астам теңгені құрайды.  Құқық қорғау саласы және күштік құрылымдары қызметкерлерінің ел тыныштығын сақтап, Республикамыздың  егемендігін нығайту жолындағы еңбектері ерен. Отандастарымыздың қауіпсіздігін абыроймен күзетуде,  –  деген өңір басшысы сала ардагерлері салып кеткен сара жолды қырағы қызметкерлер лайықты жалғастырып келе жатқанын жеткізді.

Бұл күні Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен бірқатар полицейлерге шендер берілсе, қызметін қалтқысыз атқарып жүргендер облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. 

БҚО Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев учаскелік полицейлер халықпен тікелей жұмыс жасайтындықтан, оқиға орнына жедел жетуі үшін қызметтік көлігі сай болуы керегін айтты, айтуынша, тіптен кей аудандарда полиция қызметі ауылдан 60-80 шақырым қашықтықта орналасқан.

Қоғамдық тәртіпті сақтау учаскелік полицейлердің – басты міндеті, сондықтан өздеріне тапсырылған істі мінсіз атқаруда мұндай қолдаудың  қажеті зор. Орал қаласына қарасты Желаев кентінің учаскелік инспекторы Асхат Құрманов су жаңа көліктің, әсіресе қыс мезгілінде шақыртуларға дереу жетуге өте ыңғайлы екенін айтады.

Президент өз Жолдауында жұмыстың сервистік моделіне көшу аясында «жұртқа жақын полиция» қағидатын жүзеге асыру міндетін қойды. Яғни учаскелік полиция инспекторының жауапкершілігі артады, алайда оның нәтижелі жұмысы үшін барлық мүмкіндіктер жасалуы керек. Осы тапсырманы орындау үшін өңірде қызметтің бұл түрін материалдық-техникалық жағынан нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр, бұл өз кезегінде полицейлердің мобильді болуына ықпал етеді.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА, Батыс Қазақстан облысы