«Израильдің улы «парацетамолы» қазақстандық нарыққа түсті» – фейк

Автор: Azattyq Rýhy

Анықталғандай, аталған препарат Израильде емес, Үндістанда шығарылған

Фото: all.accor.com

WhatsApp-та Израильде шығарылған қауіпті «парацетамол» препараты туралы ақпараттар топтамасы тарап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Stopfake порталына сілтеме жасап.

Онда аталған дәрі палестиналықтарға арналып өндірілгені, оны қабылдаған адам көз жұматыны және таблеткалар әлдебір жолдармен Ресей мен Қазақстан нарығына түскені айтылады. 

«Қауіпті «парацетамол» туралы хабарламалар – ескі фейк. Оны пайдаланушылар 2019 және 2020 жылдары таратқан болатын. Ол кезде де таратылым жалған деп танылған еді», - делінген сайтта.

Анықталғандай, ақпаратқа қоса берілген фотодағы препарат Израильде емес, Үндістанда шығарылған. Оны дәрі-дәрмектің қаптамасында жазылған өндіруші компанияның Apex деген атауынан түсінуге болады.

«Қазнетте «қауіпті» парацетамол туралы хабарламалар бұған дейін де тараған еді. Ол кезде пайдаланушылар таблеткаларда өлімге әкелетін «Мачупо» вирусы бар деп айтқан. ҚР Фармация комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарып, елімізде ақпаратта сипатталған таблеткалар жоқ екендігін мәлімдеді.

Олай болса, қазақстандық дәріханаларға түскен қызуды түсіретін аса қауіпті дәрмек туралы хабарлама – ескі фейк, деп қорытындылайды.