Таразда 4 миллион теңгеге тұрмыстық заттар ұрлаған күдікті ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды

Биыл 9 қазанда Тараз қалалық Полиция басқармасының 1-полиция бөліміне 27 жастағы қала тұрғыны үйінен тұрмыстық заттарының ұрланғандығы туралы хабарлады. Өз шағымында ол үйінде құрылыс жұмыстарының жүргізілгендігіне байланысты ешкім тұрмайтынын және Қытай, Өзбекстан, Түркия Республикаларына барып, арнайы сатып алған бағалы заттарының үйден ұрланғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Жалпы 4 миллион теңге көлемінде шығын келтірілген.

«Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188 – бабы 3 – бөлігінің 3-тармағымен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 44 жастағы көрші мемлекеттің азаматы анықталып, ұсталды. Ұсталған азамат үйде ешкім тұрмайтынын байқап, одан кейін заттарды «ГАЗель» көлігіне салып алып кеткендiгiн көрсетті”, - делінген хабарламада.

Күдікті өз кінәсін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.