Жетісу облысында қазан айының басынан бері жол апатынан 15 адам қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

40-тан астам адам түрлі жарақаттар алды

Фото ашық дереккөзден

Жетісу облысында адам өліміне әкелетін апаттар жиілеп кетті. Тек қазан айының басынан бері облыс жолдарында 15 адам қаза тауып, 40-тан астамы түрлі дене жарақаттарын алды. Бұл туралы облыстық ПД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Осыған байланысты облыстық полицейлер дабыл қағып, көлік жүргізушілерін жолда абай болуға шақырды.

«Қазан айының басынан бері облыс жолдарында 15 адам қаза тауып, 40-тан астам адам түрлі жарақаттар алды. Соңғы дерек Ескелді ауданында тіркелді. «Алматы-Өскемен» тас жолының 288-ші шақырымында «ГАЗель» мен «ВАЗ-21099» көліктері соқтығысты. Көліктің 35 жастағы жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Төрт адам ауруханаға жеткізілді», - делінген хабарламада.

Жол апатының жиілеп кетуіне байланысты полицейлер күнделікті патрульдік қызметті күшейтті. Тәртіп сашылары көлік жүргізушілерінен жол қауіпсіздігі талаптарын ескеруді, сондай-ақ көлікті басқару кезінде қырағылық танытуды сұрайды.