«Орталық көшені жаңалай беруден жалықпайды»: Шымкентте тақтайдай тегіс жолдар талқандалып жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Ал қалада мүлде асфальт төселмеген жолдар да бар

Фото ашық дереккөзден

Шымкентте тақтайдай тегіс жолдар талқандалып жатыр. Қала әкімдігі биыл 270 шақырымға асфальт төсеуді жоспарлаған. Алайда шет аудандардағы тасжолы жоқ көшелер емес, қаланың қақ ортасындағы жолдар қайта жасалып жатыр. Осыдан көлік кептелісі туындап, тұрғындар емін-еркін жүріп тұрудан қалдық дейді. Сондай-ақ аула ішіндегі арықтарды да жаппай ауыстыру басталып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Тұрғындар бұл іс шала-шарпы атқарылуда дейді. Тіпті кейбір жерде жиырма күн бұрын салынған бетон арықтар үгітіліп жатыр. Шымкентте бордюрлерді бұзып, асфалттарды қыру жұмыстарының жүріп жатқанына екі айдан асты. Алайда тұрғындар тақтайдай тегіс жолдардың қайта төселіп жатқанына наразы. Өйткені шаһарда мүлде асфальт төселмеген жолдар да бар. Бірақ шенеуніктер орталық көшені жаңалай беруден жалықпайды дейді қала халқы.

Десе де кейбір көшелер бұзылып, құбырлар ауыстырылған. Алайда жауаптылар талқандалған жолдарды қайта жамауды ұмытып кеткен сияқты. Мәселен, биыл жаздың бірінші айында мына Түркістан көшесінің бойындағы асфальт жамалыпты. Тағы бір ай өткен соң бүтінделген осы жолдың шеті бұзылып, бетон арықтары ауысып бастаған. Тұрғындарға жұмыс бас аяғы бір айда бітеді дегенімен техника да жұмысшыларда сол күйі жоғалған. Ал ойқы-шойқысы шыққан жол осылай қирап жатыр. Көпқабатты үйлердің ауласындағы арықтардың да жай-күйі мәз емес. Мысалы, 20 күн бұрын ғана салынған мына арықтың бетондары үгітіліп, бетіндегі темірлері қирап жатыр. Ал, жаңбыр жауған кезде көшенің бәрін су басты дейді наразы тұрғындар.

Шымкентте аула ішіндегі арықтар мен бордюрлерді ауыстыру аудандық әкімдіктің құзыретінде екен. Олар мұндай сапасыз жұмыстарды қабылдамаймыз деп құтылды. Ал, 245 көшенің асфальтын қайта салып, бордюрлерін ауыстыруға тапсырыс берген басқарма биылдыққа 8 миллиард теңге бөлінгенін айтады.

 «Яғни, беткі қабаты жарықтар пайда болған соны алдын ала ескеріп, ол жарықшалар пайда болған қыс бойы жаңбыр жауады, су сіңеді, көктемде сол жерлерде шұңқырлар пайда болады. Сол шұңқырларды әр жылы жамау ол қосымша шығын болады. Сол себепті біз орташа жөндеумен қабатын ауыстырып, жаңалап қойсақ біз мердігер есебінен талапқа сай оған 3 жылдық кепілдік мерзім беріледі. Яғни, ол 3 жылдың ішінде бұзылатын болса мердігер өз есебінен жасап отырады», - дейді Шымкент жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Өмір Қалыбаев.

 Биыл Шымкентте 270 шақырымға асфальт төсеу жоспарланған. Сол жұмыстың 70 пайыз аяқталыпты. Қалғанын шенеуніктер қараша айының соңына дейін бітіреміз деп отыр. Бірақ, жауын жауса жұмыс тоқтатылады екен. Сондықтан, қаладағы құрылыс жұмыстары қар түскенше жалғасуы әбден мүмкін.