«Ұлттық мүдде» диалог алаңында ұлттық құндылық мәселелері талқыланды
Соңғы жылдарда Сенат ұлттық мүддені, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге баса мән беріп келеді. Палата осы бағытта біраз бастаманы қолға алып, іске асырып келе жатыр. Солардың бірі – «Ұлттық мүдде» диалог алаңы. Аталған алаң аясында зиялы қауым өкілдері бас қосып, елдік мәселелер бойынша пікір алмасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл бастамаға ұлт қайраткерлерімен қатар, жастар да белсенді қатысады. Мұндай тәсіл ұлттық мәселелерді жан-жақты талқылап, толымды көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Әлемде қазір әртүрлі күрделі үрдістердің белең алып тұрғанын білесіздер. Осы кезде ұлттық бірегейлікті сақтау, тарихи тамырымыздан ажырамау, жалпы айтқанда, қазақы қалыптан айнымау өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл ретте өздеріңіздей азаматтардың жастарға беретін үлгі-өнегесінің маңызы зор деп білеміз. Жалпы, ұлттық құндылықтар – елдігіміздің айрықша нышандары, бірегейлігіміздің негізі. Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық құндылықтарымызды сақтауға, дамытуға және дәріптеуге үлкен мән беріп келеді. Мемлекет басшысы бұл мәселеге Түркістан төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында да кеңінен тоқталғанын жақсы білесіздер», - деді Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде ұлттық құндылықтарымыз, ең алдымен, тілімізге, тарихымызға, мәдениетімізге, дәстүрімізге және ата дінімізге табан тірейтінін алға тартып, бірегейлігімізді сақтауда осыларға басымдық беруіміз керектігін атап өтті.
«Тіл – ұлттық дүниетанымның өзегі. Тіл болмаса, ұлттың өзіне тән келбеті жойылады. Бұл мәселе бойынша өздеріңіз де үнемі сындарлы пікірлеріңізді білдіріп келесіздер. Қазіргі таңда елімізде тілімізді тұғырына қондыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келе жатыр. Алдағы уақытта ол жұмыстарды одан әрі жандандыруымыз керек. Сонымен қатар, ұлттық бірегейлікті сақтауда тарихымызды жүйелі дәріптеу де аса маңызды. Тарих – ұлттың тағдыры. Онда біздің қиын да қилы жолымыз айқын көрініп жатыр. Біз одан тағылым алып, сол арқылы бүгінімізді байыптап, болашағымызды бағдарлаймыз. Сол себепті, тарихты әрдайым терең білуге, оны сақтауға, әсіресе, өскелең ұрпаққа кеңінен дәріптеуге міндеттіміз», - деді ол «Ұлттық мүдде» диалог алаңында сөйлеген сөзінде.