Соңғы төрт жарым жылда үйдегі зорлық зомбылықтан 869 адам көз жұмды
Елімізде әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңнамалық тұрғыдан күшейту мақсатында Жол картасы іске қосылды

Соңғы төрт жарым жылда үйдегі зорлық зомбылықтан 869 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 2086 фактісі тіркелген. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомство басшысы алдын алу шаралары кешенді түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Одан басқа, Мәдениет және ақпарат министрлігі гранттық қаржыландыру аясында агрессорлармен психологиялық жұмыс жүргізу бойынша пилоттық жобаны іске асыруда.
«Оның міндеті – дағдарыс орталықтарының мамандарын тарта отырып, отбасын сақтау, тұрмыстық қылмыстардың деңгейін төмендету, моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту. Біз ең алдымен мамандардың біліктілігін арттыруды ерекше назарға алдық. Нәтижесінде дағдарыс орталықтарының 70 қызметкері, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының 280 инспекторы, сондай-ақ 5 облыстың учаскелік инспекторлары агрессорлармен жұмыс істеу бойынша оқу курстарын аяқтады. Екінші кезеңде агрессорларға психологиялық және құқықтық кеңестер ұйымдастырылды», - деп атап өтті Аида Балаева.
Министрлік орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен қатар Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірге тығыз қарым-қатынас жасауда.
«Комиссия сарапшылары әйелдер мен балаларды қорғау бойынша істерге қатысы бар адвокаттар мен заңгерлер үшін арнайы әдістеме әзірлеп, бірқатар тренингтер ұйымдастырды», - деді ведомство басшысы.
Одан өзге, Ұлттық комиссия мүшелерінің қатысуымен балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайларына жедел әрекет ету Алгоритімі әзірленді.
«Осы жылдың 9 айында тұрмыстық зорлық-зомбылық, суицид, басқа да мәселелер бойынша бір жарым мыңнан астам консультация ұйымдастырды. Өтінішпен келгендерге тәжірибелі заңгерлер, психологтар және басқа да мамандар шақыртылып, жедел құқықтық көмек көрсетілді», - деді Аида Балаева.
Мәдениет және ақпарат министрлігі дәстүрлі отбасылық құндылықтарды насихаттау және тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
«Бүгінге дейін осы тақырып бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында он бес мың бес жүз материал (телеарналарда – 4 126, газеттерде – 3 548, интернет-ресурстарда– 7 847), әлеуметтік желілерде – 4 мың танымдық ақпараттар жарияланды. Телеарналар отбасы құндылықтары тақырыбын насихаттайтын сериалдар шығаруда. Отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында министрлік тұрақты түрде сарапшылармен және ата-аналар қауымдастығымен, соның ішінде Әкелер одағымен, Қазақстан Халық Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесімен бірлесіп жұмыс істейді», - деді министр.
Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңнамалық тұрғыдан күшейту, отбасы құндылықтарын насихаттау бойынша мәселелерді алдын-алуды қайта қарастыру үшін Жол картасы іске қосылды.
«Жол картасы келесі бағыттар бойынша жүйелі шараларды қарастырады: алдын алу шаралары (қиын жағдайда қалған адамдардың отбасын анықтау, және оларды оңалту); инфрақұрылымды кеңейту: екінші, үшінші реттік оңалту, реинтеграция; кадрлармен қамтамасыз ету; заңнаманы жетілдіру; түсіндіру және тағы басқа шаралар. Осылайша, министрлік барлық мүдделі тұлғалармен бірлесе отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу бойынша кешенді жұмыстарын жүргізуде», - деп қорытындылады Балаева.