Полиция қызметкерлері облыс орталығының 63 жастағы тұрғынын ұстады
Жамбыл облыстық полициясына 56 жастағы жергілікті тұрғын хабарласып, шағымын айтқан. Азаматша мүгедек ұлын баспанаға кезекке қою үшін алаяққа 600 000 теңге берген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шағымданушы жаз мезгілінде оңалту орталығындағы жұмысында мүгедек ұлын баспанаға кезекке қоюға уәде берген пациентпен танысқан. Бұл қызметі үшін 600 000 теңге сұраған. Аталған ақшаны алғаннан кейін, таныс әйел байланысқа шығуды тоқтатқан.
«Осы дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері облыс орталығының 63 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Күдікті әйел өзінің кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінген. Тергеу әрекеттері жүргізілуде», - делінген хабарламада.