Балабақша тәрбиешілері бірнеше мың қақпақтан кілем тоқып шыққан
Алматыда балабақша бүлдіршіндері қақпақтан кілем тоқыды. Олар қоқыс қалдықтарын ұстаз-тәрбиешілерімен бірге кәдеге жаратқан. Мұғалімдер күні қарсаңында балабақша ұжымы бүлдіршіндердің қолынан шыққан бұйымдарды көпшілік назарына ұсынды. Олар бірнеше мың қақпақтан кілем тоқып шыққан. Жас ерекшеліктері мен жеке мүмкіндіктеріне сәйкес білім, білік, дағдыларын, ойлау негіздерін, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттерін және рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастырудың қайнар көзі - балабақша деп санайды мемлекеттік мекеменің ұжымы.
Білімді, тәрбиелі ұрпақ мектепке дейінгі білім мекемелерінің табалдырығынан бастап қалыптасады.
«Балабақшаның басты мақсаты - мектепке дейінгі білім беру стандартының негізгі ережелері мен талаптарын басшылыққа ала отырып, балабақшамызға келген бүлдіршіндерді креативтілікке, сыни ойлауға, коммуникативтілігін дамытуға және командада жұмыс істей білуге үйрету. Сіз керексіз заттарды қоқысқа лақтырмай, пайдаға асырып көрдіңіз бе? Бір данышпан «Әлемді қоқысқа толдырып қайтесіз. Бұл әлем онсыз да лас» деген екен. Бұл сөздер біздің оймызға дәл келіп, қазіргі таңда балабақшамызда керексіз заттарды «керек» қылып балаларға тәрбие мен білім беру жолында, ата-аналармен, ұжыммен бірігіп көп жұмыс атқарып жатыр», - деді Алматы қаласы Алатау ауданы №37 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Айнұр Әлімбекова.
Мемлекеттік мекемеде баланың белсенді қимыл әрекет дағдылары мен өзін-өзі жетілдіру, математикалық және логикалық ойлауды қалыптастыру үшін ерекше әдістер қолданылады.
Балалар өздері ішкен шырындарының қақпақтардын тастай салмайды. Жұмыстың бас кезінде балаларға берілген сүт, айран, шырын қақпақтары жетпеген соң, балалар қақпақты үйлерінен таситын болған.
«Әдетте лақтырып тастайтын қажетсіз қалдықтарды іске жартқанын көрген ата-аналар, сырттан сусындардың қақпағын балаларымен бірге жинауға көмектесті. Осылайша, бір жыл көлемінде 50 мыңнан астам қақпақ жинадық. Қазіргі таңда тек қақпақтан жасалған бұйымдарымыздың саны 500-ге жуық. Осы бастаған жұмысымыздың арқасында балабақшамызда керексіз заттарға «екінші өмір» сыйлау жұмысы бойынша «Qaqpaqtar qalashygy - Kryshkagrad» кабинеті ашылды. Кабинеттен керексіз заттардан жасалған түрлі жиһаздармен және балалар денсаулығына қажетті кілемшелермен, дидактикалық ойындармен жабдықтап жатырмыз. Осы жасалып жатқан жиһаздар мен дидактикалық ойындар арқылы балалар ең алдымен ысырапшылдыққа жол бермеуге, денсаулықтарына дұрыс қарауға және еңбекке деген қызығушылықтары артуда. Ашып айта кететін болсақ, қақпақтан жасалған денсаулық жолдардың үстімен ұйқыдан тұрған соң үздіксіз жүріп отырып, «плоскостопие» диагнозы бар балалардың табандары қалыпқа келгені үлкен нәтиже болып отыр. Кіші жастағы балалардың қақпақтан жасалған үстел- үсті ойындарын, дидактикалық және оқу қызметінде үлестірмеліматериалдарды қолдану барысында балалардың ұсақ моторикасын дамығанын, сөздік қорлары байығанын көре аламыз», - деді балабақша меңгерушісі.
Ұстаз-тәрбиешілер жарамсыз заттарды тастамай балалардың моторикалық ұсақ бұлшық еттерін дамыту үшін қолданады. Олардың сөзінше, балалар қазір дүкен ойыншықтарынан жалыққан. Үйде де, сыртта да дайын сатылымдағы ойыншықтар көп. Сондықтан осындай заттар арқылы олардың қызығушылығын оята отырып, әрі ысырапқа жол бермеуге үйретеміз дейді ұжымдағы қызметкерлер.
«Балалар қарапайым ғана заттарды қажетті бұйымға айналдыра алатынын көргенде қуанады, өздеріне сенім пайда болады. Мен Оңтүсік Корея, Германия және Ресейге барып, қысқа мерзімді оқу курстардан өту кезінде осындай бұйымдарды пайдалануды үйрендім. Енді тәжірибемізді балабақшамызда қолданып жатырмыз. Сонымен қатар, «Qaqpaqtar qalashygy - Kryshkagrad» бағдарламасынан бөлек «Асық терапиясын» күнделікті денсаулық сақтау мен қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыру үшін қолданамыз. Ертегі кейіпкерлерінің де кабинеті ашылды. Кейіпкерлерді қажетсіз маталар, ескірген киімдерден тігеміз. Мерекелік шараларда әртістерді шақырмай, қуыршақтарды өзіміз билетеміз. Қазіргі таңда білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілгендей, өскелең ұрпақты театр өнері әлеміне тарту мақсатында «Балалар мен театр» жобасын бастадық», - дейді Айнұр Батырбекқызы.
Сонымен қатар бұл мекемеде «Тұзды шахта», «Асықтерапия», «Хореография», «Робототехника», «Релаксация» ,«Психология», «Эксперимент орталығы», «Бейнелеу өнері», кабинеттері де бар.
«Мектепке дейінгі ұйымдардың бүгінгі таңдағы көтеріп отырған жүгі, міндетті өте ауқымды. Білімді ұрпақ тәрбиелеуді дәл балабақшадан бастап кеттік. Ең алдымен, баланың түсінігін қалыптастыра отырып, таным дүниесін кеңейту, әрбір баланың тұлғалық сапасын арттырып, отбасы мен балабақша арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Осылай кезең-кезеңмен өткен баланы мектепте де оқыту оңайға түсері анық»,- деді ұстаздарды мерекелерімен құттықтаған мекеменің қызметкерлері.