«Шығын 70 млн»: Алматы облысында 74 жастағы зейнеткер малының қолды болғанын дәлелдей алмай жүр

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалды

Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Алматы облысында 74 жастағы зейнеткер шаруа қожалығындағы 120 бас бұқасынан айырылған. Айтуынша, оны өз жұмысшылары сатып жіберген.  Ірі қара өсіріп, ауыл шаруашылығымен айналысқысы келген Шәркүл апа кенже ұлымен бірге шаруа қожалығын былтыр көктем айында ашыпты. Жамбыл ауданынан арнайы 700 гектар жер алып, ол аумаққа 1,5 мың бас ірі қара сатып алған. Өзі Астанада тұратын зейнеткер қожалықты бұрынғы танысының басқаруына құжат жүзінде толықтай тапсырған. Бизнес жобаны бастау үшін Шәркүл апа ұл-қыздарын жинап, ақылдаса отырып шаруаға 400 миллион теңге бөлген. Ірі  қожалықты басқаруды өзінің міндетіне алған «танысы» жиырмадан астам адамды жұмысқа қабылдаған. Қожалықтың иесі малшыларға ай сайын 200 мың, ал басқарушыларға 500 мың теңгеге дейін айлық төлеп, азық-түлікпен, өзге де қажеттіліктермен қамтамасыз етіп отырған. Осылайша кәсіпкер ұлы екеуі малды құжат жүзінде бірнеше адамдарға табыстап, өздері Астанаға қайтады. Шәркүл апаның сөзінше, арада небәрі үш ай өтпей жатып қожалықты басқарған адамдардың әрекеттері әшкере болған. Зйенеткердің сөзінше, ондағы бірқатар жұмысшылар бұқаларды табын-табынымен сата бастаған. Редакцияға шағымдаған жәбірленуші жоғалған бұқалардың алды Шымкенттен табылғанын айтты.    

«ЖАЛҒАН БИЗНЕС ЖОБА ҰСЫНДЫ...»

«Жасым 74-ке келді. Мен бизнесте келе жатқан адаммын. Осы жолда жүргеніме 40 жылдан асты. Осы жасқа келгенше бір органның табалдырығын қағып, біреуге шағым айтып көрмеппін. Енді қартайғанда әділдік іздеп жүрмін. Жаңа Қазақстанның, біздің қоғамның әділдігін көргім келеді. Бұл жасқа келген адамға көп нәрсенің керегі жоқ. Адал еңбек, маңдай термен тапқан малымның ақысын даулап, алаяқтардың жауапқа тартылуын талап етіп жүрмін. Мақсатым балаларыма, немерелеріме әділдіктің бар екенін, адал еңбек етуді дәлелдеп көрсету. Күлшат Ермекбаева есімді танысым менің сеніміме кірді. 2019 жылы бізден 225 миллион теңгені қарызға алды. Қарыз ақшаның орнына  мейрамханнаның ғимараты мен бірнеше жерді кепілге қойды. Кейін пандемия болды, өзгеде сылтаумен ақшаны қайтармады. Үстеме шығындарын қоса алғанда ол маған 249 млн теңге қайтару керек, ол туралы соттың жеке шешімдері, қаулысы бар. Бірақ Ермекбаева былтыр тағы да ортақ таныс арқылы маған жылап-еңіреп келіп, қарызды қайтарудың бизнес-жобасын ұсынды. Бұқа алып, оларды семіртіп сату, мал шаруашылығымен айналысу туралы бизнес-жоба әкелді. Маған ол жоба ұнады, әрі ақшамды қайтарудың жолы деп оған сендім де, Астанадағы қызымнан 400 млн теңге алдым. Сөйтіп Ұзынағаштағы мал базарынан бұқашаларды сатып алдық. Сол мал базарына келген сәттен бастап бізді бұл Ермекбаева өзінің туған күйеу баласымен бірге алдауға көшкен. Оның бәрі тергеу кезінде анықталды», - деді астаналық Шәркүл Иманбердиева.

Зейнеткердің сөзінше, олар мал базардан 125-150 мың теңге аралығында тұратын тана, бұқашаларды екі есеге қымбат бағамен алған. «Яғни, базардағы малдың иелеріне ірі инвестордың келетінін айтып, малдың құнын жоғары ұстауды алдын ала хабарлаған. Кейін ол еңбектері үшін өздерінің пайыздық ақыларын мал сатушылардан алып, ірі көлемде пайда тапқан» дейді жәбірленуші.   

«Бизнес жобада малды көктемде алып, оны жаздай семіртіп, күзде сату керектігі көрсетілген. Ұзынағаштағы мал базарынан мыңнан астам ірі қара мал алдық. Әр тана, бұқашаның құны  250-260 мың теңгеден шықты. Қалғанын өзге қожалықтардан сатып алдық. Сонда Ермекбаева біздің Астанадан базарға келетінімізді сатушыларға ескертіп, бағаны екі есеге қолдан қымбаттатқан да, өзі делдал ретінде пайда тапқан. Қожалықта 20 адам жұмысқа алынды. Олардың 15-і малшы, жұмысшы болса, қалғандары басқарушы ретінде тіркелді. Олар бізден әрбір малды құжатқа қол қойып қабылдап алды. Барлық малды қабылдап алдық деген құжаттары қолымда. Көзімше бәрі қол қойған. Нұржан деген туған күйеу баласы учаске басшысы болды. Бірнеше ай өтпей жатып олар малды талан-таражға салған», - деді әділдік іздеп жүрген жәбірленуші.

Айтуынша, өзінің екі ұл, үш қызынан он немересі бар. Балалары, ұрпағы  үшін деп мал алып ашқан қожалықты жеке бас пайдаларына қолданған топтың заңсыз әрекетін дәлелдеп, әділдікке жету. Өйткені бизнес саласында еңбектеніп жүрген балалары бұл жағдайдан кейін елден кеткілері келетінін айтқан. Ал зейнеткердің қазіргі талабы, олардың ойын өзгертіп, Қазақстанда заңнын орындалатынын көрсету. Құзырлы органдарға арызданып, іс қозғатудың өзі бір жылға созылды дейді жәбірленуші. Іс үнемі жабылып, қысқарып қала берген. Ақыры бүтін заңгерлік агенттікті жалдаған соң ғана қылмыстық іс ашылып, тергеу жүре бастаған. Бүгінде Иманберидеваның құқығын үш адвокат қорғаумен айналысып жатыр.

«МИНИСТРГЕ ШЫНДЫҚТЫ ЖЕТКІЗБЕУГЕ ТЫРЫСЫП, БӨГЕТ ЖАСАП КЕЛЕДІ...»

«Қожалықта «басқарушы» қызметін атқарған Мұратбай Сызаев пен Күлшат Ермекбаеваға қатысты ҚР ҚК 189 бабының 4 тармағымен (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) тергеу жүріп, ол сотқа жіберілді. Бірақ міне бесінші айға кетті сот үш рет қана болды. Біресе күдіктілер, біресе судья ауырып қала береді. Біздің талабымыз істі ұйымдастырған, малды сатумен айналысқандардың барлығын қылмыстық іске тартқызу. Алайда «қылмыстық құрам жоқ» деген қаулымен оның үстінен ашылған іс бірнеше рет жабылып қалды. Аудандық полиция мен прокуратура істі қысқарта берген соң тергеуді облысқа ауыстырды. Сонда да бұған кедергі көп. Ақыры болмаған соң ІІМ арызданып, вице-министрге кірдік. Бір жылдан асты әлі күнге министрге кіре алмай жүрміз. Қабылдауға жазылып қойсақ, уақыты келгенде белгісіз себептермен тізімнен шығып қаламыз. Біздің талабымыз осы қылмысты ұйымдастырған барлық адамды бір қылмыстық іске біріктіру», - деді жәбірленушінің адвокаты Дәурен Мұханбетқалиев.

 «МАЛДЫ САТҚАНЫМ РАС. АҚШАНЫ БӨЛІСТІМ ...»

Ал үстінен қылмыстық іс қозғалған Күлшат Ермекбаева бұл айыптаулармен келіспейді. Ақшаны алғанын, алайда оның жартысын өзге адаммен бөліскенін де жасырмады. Басында қамауға алынған Күлшат Секенқызы кейін кепілзат арқылы босап шыққан.

«Өзім Жамбыл ауданынан жер алып, мал бордақылаумен айналыса бастадым. Бұл әңгіме 2020 жылы басталған. «ҚазАгроҚаржы» АҚ Алматы қалалық филиалының сол кездегі директоры мені Шәргүлмен таныстырды. Қарыз алғаным рас, оның жартысын сол директор алды. Кейін маған адамдар салып, қорқытып-үркітіп, жалғызбасты әйел екенімді біліп, білгендерін істеді. Менің жолдасым жоқ. Бүкіл Жамбыл ауданы мені біледі. Бізге «261 басты жоғалттыңдар» деп жала жауып қылмыстық іс қозғалды. Бірақ ол қылмыстық іс жабылған. Қайта қозғатып, шаруа қожалықтың басқарушысын да, 60-қа келген мені де қаматты.

Жамбыл ауданынан 2010 жылы конкурспен алған менің жерім болған. Сол жерге «таңқурай отырғызамыз» деп «Аграрлық несие корпорациясынан» ақша алғаным рас.

Былтыр аяқ астынан мен мал алдым. 2020 жоспарлаған жұмысты былтыр бастадым. Малды 10 мың басқа көбейтеміз деп келістік, ақыры аяғы дауға ұласты.

Мен қазір кепілмен жүрмін, 7 немерем, 3 балам бар. Менімен ерегісіп отыр. Менің малды ұрлағаныма ешқандай дәлел жоқ. Менің өз малымнан 57 басты сатқаным рас. Бұлар бүкіл мал менікі дейді. Біз екі таңба қойғанбыз малға. Үйге тінту жүргізген кезде тергеуші растайтын құжатты жоғалтып жіберді. Мен 2018 жылы Қырғызстанға өнім өткізгенде болмашы субсидия алдым. Одан кейін алған жоқпын.  Мен малды ұрласам, дәлелдесін», - деді күдікті Күлшат Ермекбаева.

 «МЕНІ ЕНЕМ КӨНДІРГЕН...»

«Малды тиеп, базарға жасырын сатты» деп айыпталған Нұржан Шәкірбаев есімді шаруа қожалықта жұмыс істеген азаматтың үстінен бүгінде тергеу қайта басталған. Ол да өзіне қарсы айтылған сөздермен келіспейді.

«Тергеу жүріп жатыр. Менің жерімді пайдаланып, өздерінің аттарына жаздырып алған. Бұл жыр 2020 жылдан басталған. Бірге  жұмыс істейміз деп мені бұл іске енем Ермекбаева шақырған. Маған «700 гектар жеріңді ана кісілердің атына аударып бер деп көндірген» Күлшат Ермекбаева. Жеріміз Жамбыл ауданының Үлгілі деген аулында орналасқан. Қазір менің үстімнен қайтадан қылмыстық іс қозғалды. Үш балам бар. Айыптаулармен келіспеймін, адвокат жалдадым. Сонымен екі жақ қырылып жатыр. Мені қылмыстық істерге тартып, ештеңе дәлелдей алмады ғой. Қазір қылмыстық іс тағы ашылыпты», - деді Нұржан Шәкірбаев.  

Шағымданушы тараптың талабы - мемлекет пен жекелеген адамдарды, кәсіпкерлерді, банктерді алдаған кінәлілерді анықтап, жазаға тартқызу. Зейнеткер былтырдан бері арқа мен Алматының ортасына қанша рет келіп-кеткенінен де жаңылып қалған.   

«Сотқа шақырады, келсем аяқ астынан күдіктілердің біреуі не судья ауырып қалады. Сондағы мақсататры - мені шаршату. Шаршаған соң бұл істі тастай салады деген ойлары. Мен соңына дейін жеткізем. Балаларымның бизнеске деген, жұмысқа деген ниеттері жоғалды. Оларға әділдіктің бар екенін дәлелдегім келеді. Мына жағдай біздің қоғамның қазіргі айнасы. 261 бас бұқа жоқ. Оның біразын өлді деген соң, оны талап арызға қоспадық. Біз тергеу кезінде малды тиеген «камазистерді» де таптық. 12 бас бұқа Шымкенттен шықты. «Камазистер» бәрін айтып берді, өздерін кімнің қалай жалдағанын, малды қай жақтан алып, қайда апарып түсіргендеріне дейін жасырған жоқ. Өлген малды санамай, тек сатып жіберген малдық құнын талап етіп отырмыз. Шығын 70 млн теңге. 300 бұқаны айырбастап, орнына арық малды әкеліп қойған. Оның бәрі көз алдымызда өлген соң біз есепке алмадық. Сай-салада қараусыз қалған 800 бас бұқаны өзге шаруа қожалықтың адамдарына айтып жүріп жинап алдық», - деді Шәркүл Иманбердиева.