Жарылған құбырлардың дені үйлер мен ғимараттар арасындағы желі екен
Теміртауда жылу маусымы басталмай-ақ құбырлар жарылып жатыр. Қысымға шыдамаған жылу жүйесі әр жерден тесіліп, көшелерді ыстық су басты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Қар түсіп аяз қысса соры қайнайтын қала бұл жолы жылу беру маусымы басталмай жатып әбігерге түсті. Қайнаған су жіберілген құбырлар айналдырған үш күнде 29 жерінен жарылған. Коммуналдық мекеме тайлы-тұяғы қалмай апат салдырымен алысып, мұрнына су жетпей жүр. Айтуыларынша, жарылған құбырлардың дені үйлер мен ғимараттар арасындағы желі екен. Ал бюджет қаражатына тек магистральді құбырлар ауыстырылып жатыр. Жалпы қалада құбырлардың 70 пайызға жуығы әбден тозған дейді мамандар.
«Кварталаралық ескі жылу құбырларынан ақау шығып жатыр. Қазір жұмыста он апат бригадасы жүр. Құбырлардың тесілген жері шұғыл жөнделуде. Тұрғындар осындай апатты көрген жағдайды тез арада бізге хабарлауын сұраймыз», - деді «Оқжетпес-Т» ЖШС техникалық директоры Владислав Ким.