Ата-аналар Мичурин полициясына арыз түсірген
Батыс Қазақстан облысында жасөспірімдер 8 және 9 жасар екі баланы темекі тартуға мәжбүрлеген. Бұл туралы «НеМолчиKZ» қорының жетекшісі Динара Смайылова әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Динара Смайылованың хабарлауынша, «НеМолчиKZ» қорына Бәйтерек ауданы Мичурин ауылында тұратын балалардың бірінің анасы шағымданған.
Әйелдің айтуынша, ұлы мен оның досын (9 және 8 жасар) 13 жасар жасөспірімдер шақырған.
«Балалар ойнауға шақырған деп ойлап, артынан ілескен. Жасөспірімдер аяқталмай қалған құрылысқа кіргізіп, қанша уақыт екені белгісіз, күштеп ұстаған. Иығынан, ішінен ұрған. Тізерлетіп, аяғының арасынан ұсынылған темекіні шегуге күштеген. Осының бәрін бейнежазбаға түсірген. Ұлымның досы бұған көніп, тұрып, темекі тартқан. Менің ұлым темекі тартпайтынын, өзін нашар сезінгенін айтып, жіберуді өтінген. Бірақ олар жібермей, кезек-кезек мұрнына, бетіне темекі түтінін үрлеген. Түтінге тұншыққан ұлым құлап қалған, мұны досы растады. Ал жасөспірімдер бейнежазбаға түсіріп, күлумен болған. Олар кетіп қалғаннан кейін балалар әйтеуір үйлеріне жеткен», - деп жазыпты әйел.
Ата-аналар Мичурин полициясына арыз түсірген.
ҚазАқпараттың хабарлауынша, БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі де оқиғаны растады.
«23 қыркүйек күні Бәйтерек ауданы полиция бөлімі Мичурин кенттік бөлімшесіне 1991 және 1986 жылғы әйелдер биылғы шілде айында балаларын темекі тартуға мәжбүрлеген жасөспірімге шара қолдану жөнінде шағым түсірген. Сол күні полиция қызметкерлері оқиғаға қатысушылардың бәрін анықтап, заңды өкілдерінің қатысуымен жауап алды. Қазіргі кезде бүкіл жинақталған материал Бәйтерек ауданы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға қарауға жіберілді», - деп хабарлады ведомстводан.