«Ардагерлер ұйымының жұмысына қолдау көрсету – ортақ міндет»: БҚО әкімі аға буын өкілдерімен кездесті

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгінде облыс бойынша егде жастағылар саны 93 463 адамды құрайды

Өңір басшысы Нариман Төреғалиев аға буын өкілдерімен кездесті. «Атамекен» өнер ордасында ұйымдастырылған басқосуда қариялар облыс әкімінің жұмысына сәттілік тілеп, өңірдің дамуына қатысты өз ұсыныстарын білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Жиынды ашқан облыс басшысы батыс өңірінің түрлі салада жетістікке жетуіне алдыңғы толқынның үлкен еңбек сіңіргенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрқашан зиялы қауымның оның ішінде ардагерлердің, ақсақалдардың маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан реформалар туралы әрбір қазақстандық хабардар болуы үшін әрқайсысының санасына жеткізуде ардақты ақсақалдарымыздың орны ерекше. Өйткені ғұмыры ғибратқа толы ардақты ардагерлердің жүріп өткен жолы – өнеге мен тағылым мектебі. Қариясы қадірлі қоғамның ырысы мен табысы мол. Ардагерлер әрдайым өткен өнегесімен құнды. Әр салада жеткен жетістіктеріміз бен табыстарымыз бар. Еткен еңбектің, төккен тердің ар жағында әр сала мамандарының, басшыларының, ардагерлерінің орасан зор үлесі тұр. Әсіресе, өздеріңіздей еңбек ардагерлері кешегі егемендік алғаннан кейін етек-жеңімізді жиюға ықпал еттіңіздер. Елдің қиын сәттері мен күрделі кезеңдерін бастан кешіп, халыққа, қоғамға қызмет жасадыңыздар. Талай жасты тәрбиелеп, соңдарыңыздан ізбасар ерттіңіздер. Бүгін, еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта Сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер. Ардагерлер ұйымының жұмысына қолдау жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Облыстық ардагерлер ұйымы соңғы жылдары жұмысын жандандырып, ардагерлеріміздің жан-жақты әлеуметтенуін қамтамасыз етіп, қолдан келгенше әдістемелік көмек көрсетіп келеді. Әрқашан ардагерлерге қатысты мәселелердің дұрыс шешімін тауып, барлық мемлекеттік органдармен түсіністікте қызмет етіп келесіздер. Өңірімізде өткізіліп жатқан көптеген мәдени-бұқаралық іс-шараларда ардагерлердің зор үлесі бар. «Халықтан қайырымдылықты, қариядан пайымдылықты үйрен» дейді дана халқымыз. Біз «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп үлкенін қадір тұтқан халықтың ұрпағымыз. Ел мүддесін бәрінен биік қойып, ұрпағына ұлылығын ұялата білген ардагерлерімізді құрметтеу – азаматтық парызымыз.  «Ардагерлер – алтын діңгегіміз» деп ел ішінде бекер айтылмаған. Тарихтың көзін, Тәуелсіздіктің ірге тасын адал еңбекпен қалаған – осы отырған сіздердей ақсақалдарымыз, – деді облыс әкімі.

Бүгінде облыс бойынша егде жастағылар саны – 93 463.  Оның ішінде Ұлы Отан соғысының 14 ардагері, ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 1 322 адам, ҰОС жылдарындағы 2 753 тыл еңбеккері бар. Ардагерлерді әлеуметтік қорғау саласында бірқатар шаралар атқарылып келеді. Соның бастысы ардагерлерге материалдық және әлеуметтік қолдау көрсету. Республикалық бюджеттен төленетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақыдан басқа, жергілікті өкілетті органдардың шешімдеріне сәйкес, жергілікті бюджет есебінен атаулы және мерекелік күндерге төленетін біржолғы әлеуметтік көмек және коммуналдық шығындарды өтеу үшін төленетін ай сайынғы әлеуметтік көмектер қарастырылған. Биыл 450-ден астам зейнеткер тұрғын үй көмегімен қамтылған. Жеке оңалту бағдарламасы бойынша 3 638 мүгедектігі бар зейнет жасындағы тұлға әр түрлі техникалық көмекші құралдар мен әлеуметтік қызметтер ұсынылды. Оның ішінде мүгедектігі бар адамдарды медициналық оңалту бағытында 188 адам протездік-ортопедиялық құралдармен, 396 адам санаторий-курорттық емделумен қамтамасыз етілген. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтіқ оңалту бағытында 1 016 адам сурдологиялық және тифлотехникалық құралдармен, 155 адам кресло-арбамен қамтамасыз етілді. Мүгедектігі бар адамдардың жеке оңалту бағдарламасына сәйкес жүріп-тұруы қиын 381 адамға жеке көмекші қызметі, 30 адамға дефектолог маманының қызметі, 1 472 адамға міндетті гигиеналық құралдар берілді. Күні бүгінде 5 384 адам арнаулы әлеуметтік қызметтер алады. Елімізде «Белсенді ұзақ өмір» Ұлттық жоспары қоғамдық ұйымдармен талқыланып бекітілді. Облыс аумағында белсенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті және қоғаммен байланыс бағыттары бойынша жұмыс істейтін 2 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы (Бөрлі ауданы мен Орал қаласында) ашылып, жұмыс істеуде. Ай сайын орталыққа келген 74 егде жастағы адамдарға қызмет көрсетілуде.

Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген кеңестің атқарып жатқан жұмыстары жайлы баяндады.

«Ардагерлер ел алдында мағыналы, салиқалы сөз айтып, парасатты ақыл-пікірін қосып, көпшілікке ой тастап, елдің басын қосып, ауызбірлікке, татулыққа шақырып, әрдайым ел қатарында жүретін қоғамның тірегі, азаматтың айнасы осы отырған сіздер. Облысымыздың қалыптасуы мен өсіп- өркендеуіне ардагерлердің қосқан үлесі орасан. Аудан әкімдерінің ардагерлерге деген көзқарасы түбегейлі өзгерді. Екі ауданда әдейі ғимарат бөлініп, ардагерлерге жұмыс жасауға үлкен мүмкіндік берілді. Әрине, бәрінде емес. Аудандарда жұмыс жақсы қойылса, облыстық басқармаларда ардагерлер ұйымдарының жұмысын жандандыру мәселесі тұр. Бүгінгі кездесуге жиналғандардың көпшілігі «бізге үкімет не береді, әкім не береді» деп емес, біз үкіметке не береміз, елге қандай көмегіміз тиеді деп келгендер, тарихтың көзі, тәуелсіз еліміздің іргетасын адал еңбектерімен қалағандар. Қазақстанда бүгінгі таңда 2 600 000 зейнеткер бар. Олардың 39,4 пайызы ер адам, 60,6 пайызы әйел адам, зейнетақы орташа 9,7 пайызға өсті. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың соңғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында белгіленген жаңа экономикалық саясаты аясында осы жылдың 6 қыркүйегінде облыс басшысымен оңтүстік аудандарының ардагерлерінің кездесуінде өңірдің экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету және ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсартуына қатысты мәселелер көтерілді. Бөкей орда, Қазталов, Жәнібек аудандары, әсіресе биылғы құрғақшылықтан зардап шеккен ауыл тұрғындарының шөппен қамтамасыз ету, киік мәселесі, қоршаған орта жағдайына байланысты сұрақтар қойылды, – деген Мақсот Қабышұлы «Ардагерлер ұйымының» мақсаты зейнеткерлердің құқықтары мен бостандықтарын қорғау, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын қамтамасыз ету екеніне тоқталып, жасалған жұмыстарды тізбеледі.

Президенттің жақында ғана жариялаған халыққа Жолдауы елді жасампаздыққа жетелейтін тарихи құжат. Бұл – елімізде кезең-кезеңмен жүргізіліп жатқан ауқымды әрі маңызды реформалардың жалғасы. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының алдағы кезеңдегі басым бағыттарын белгілеп берді. Ұсынылған шаралар экономикадағы құрылымдық өзгерістерге және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған. Ардагерлер кеңесінің басты жұмыстарының бірі халыққа Жолдауды нақты жеткізу болып табылады. Облыстық ардагерлер төралқа құрамында 33 Пленум мүшесі, 6 тұрақты комиссия жұмыс істеуде. Облыс бойынша осы уақыт ішінде үш жүзге жуық бастауыш ұйымдар құрылып, жұмыс істей бастады, тек қана медицина саласында ардагерлер ұйымы болмаған, биылғы жылдың өзінде қаладағы барлық емханаларда, облыстық ауруханада, облыстық тубдиспансерінде ардагерлер ұйымдары ашылып жұмыс жасап жатыр.

Емен-жарқын басқосуда аға буын өкілдері қаланы дамыту бағытында бірқатар ұсыныстарын да білдірді.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Нариман Төреғалиев осы кезге дейін ардагерлердің тікелей араласуымен, қолдау-көмегімен қыруар жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

«Биылғы жылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдауында Мемлекет басшысы «Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан қалған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз» деп көрсетті. Осы жолда қазақ қоғамы үшін қария, үлкендердің ақыл-кеңестерінің, тәлім-тәрбиесінің маңызы өте зор. «Өсетін елдің қариясы қазына болар» дейді қазақ. Бұрынғының үлкендері бір ауыз сөзбен-ақ жанжалды тоқтатып, тараптарды татуластыра білген», – деген облыс басшысы қарттарымыздың қатары сиремеуін тіледі.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА