«17 млрд теңге жұмсалды»: Қаңтар оқиғасында 80% өртенген Алматы әкімдігінің ғимараты толықтай жөнделді
Ғимарат сәулеттік келбетін сақтай отырып қалпына келтірілген
Қаңтар оқиғасы кезінде түгелге жуық өртке оранған Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратын жөндеу аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ақпараттық агенттігінің тілшісі.
6 қабатты тарихи ғимарат 33 мың шаршы метрден асады. Әкімдік ғимараттың сәулеттік келбетін сақтай отырып қалпына келтірілгенін хабарлады. Реконструкциялау жұмысы бір жарым жылға созылды. Қаңтар оқиғасы кезінде 6 қабат пен 4 павильон отқа оранып, ішіндегі заттарды тонап кеткен.
Күрделі жөндеу жүргізілген қасбетте жұлдыздың орнына бейбітшілік тұтастығының, мемлекет пен отбасы негізінің ұлттық символы болып табылатын шаңырақ бейнеленген. Реконструкция кезінде бірінші кезекте әкімдік қызметкерлері мен келушілерінің қауіпсіздігі ескерілген, дейді жөндеу жұмысын жүргізген компанияның басшысы. Компания басшысының сөзінше, ғимарат 9 балдық жер сілкінісіне төтеп береді. Жөндеу жұмыстары «ҚазҚСҒЗИ» АҚ сарапшыларының сейсмикалық ескертпелері бойынша жүргізілген.
«Барлық іс-шара толық көлемде жүргізілді, өрт қауіпсіздігі шаралары сақталды. Ғимараттың ішкі безендірілуінде отқа төзімді жанбайтын материалдар пайдаланылды, бұрын болмаған жаңа түтін шығару жүйесі, өрттің мекенжай жүйесі - ескерту орнатылды. Өрт кезінде өрттің таралуына жол бермейтін арнайы клапандар автоматты түрде қосылады. Ғимараттың қауіпсіздік шараларын күшейту үшін ғимаратқа кіруді бақылау жүйесі қолданылды және отқа төзімді есіктер, ғимаратқа бірінші қабаттардың терезелері арқылы рұқсатсыз кіруді шектейтін қосымша жапқыштар, сонымен қатар әр қабатта және периметрі бойынша бейнебақылау камералары орнатылды. Қызметкерлердің кіруі үшін турникет құрылғысында тану жүйесі орнатылған», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қала тұрғындары бұдан былай әкімдіктің ғимаратына еркін, бөгетсіз кіре алады. Бірінші қабат «Open space Almaty» болып қайта жаңартылған. Онда тұрғындарды қабылдау бөлмесі, күту аймағы, келіссөздер бөлмесі, халықты қабылдау, ана мен бала бөлмесі, балаларға арналған ойын алаңы бар.
«Тұрғындар бұл жерде өздеріне қандай басқарманың мамандары, қай сала бойынша мамандар керек екенін электронды түрде талон алып, күтеді. Мамандар оларды астыға түсіп қабылдап, мәселелерін шешуге тырысады. Егер ол қала, басқарма басшыларының қабылдауы деңгейінде шешілсе, арыз, өтініш қалдырып, кезекке жазылады. Балаларымен келген адамдар оларды мына ойын алаңына қалдыра алады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Ғимаратты қалпына келтірудің тағы бір маңызды критерийі инклюзивті шешімдерді енгізу арқылы азаматтардың барлық санаты үшін жайлылық пен кедергісіз ортаны қамтамасыз ету еді. Лифтілер, электр көтергіштер, мүгедектерге арналған жуынатын бөлмелер және мобилділігі төмен топтарға арналған арнайы құрылғы– таңбалау, пандустар, шақыру түймелері, Браул әліпбиі пайда болды», - деді Алматы қалалық әкімдігі апппратының басшысы Бейбіт Шаханов.
Ғимараттың қасбеті Түркиядан әкелінген мәрмәрмен қапталған. Құрылыс барысында тиімді энергия тұтыну технологиясы қолданылып, жаңа жылыту жүйесіне толығымен ауыстырылды. Барлық инженерлік коммуникация автоматтандырылған және бірыңғай диспетчерлік пунктке қосылған. Бұл жұмысты бақылауға және ғимараттың энергия тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Диспетчерлер озық үлгідегі станцияның көмегімен барлық жүйені басқарады, төтенше жағдай туындаған кезде жедел әрекет етеді.
«Көріп тұрсыздар ғимарат дайын. Осы аптадан бастап әкімдікке қарасты басқармалар ақырындап көше бастайды. Қазір ғимаратты қабылдап алған, инженерлік жүйелерді қабылдайтын қызметкерлер көшіп келіп алды. Жиһаз, орындықтар жеткізіліп жатыр. Бұл жерде қаңтар оқиғасын ескере келе өртке төзімді материалдар қолданылды. Ғимаратты 20 жылдан аса тәжірибесі және жеткілікті қаржысы бар компания керек болды. Мүдделер қайшылығы жоқ. Республикадан 17 миллиард теңге бөлініп, жұмсалды. 1-3 павильонның жұмыстары аяқталды. 4-ші павильонды жөндеу жұмычтары жүргізіліп жатыр», - деді аппарат басшысы.
Реконструкциядан кейін кабинеттердің ауданы өзгермеген. Отандық өндірісті қолдау үшін негізінен қазақстандық өндірістің материалдары, оның ішінде жиһаз және есіктер пайдаланылды. Кабинеттердің конфигурациясы, өлшемдері, орналасуы өзгеріссіз қалды. Ғимаратта барлығы 700 орынға есептелген 360 кабинет орналасқан. Нысанның жалпы ауданы 33 мың шаршы метрден асады. Ғимаратта 14 басқарма мен әкімдік аппараты болады. Осылайша, Алматы әкімдігінің ғимараты қалпына келтірілді, пайдалануға дайын. Жөндеу жұмыстарын «ATRIX Group» құрылыс компаниясы жүргізді.
«Қаңтар оқиғасы кезінде қызметкерелердің заттары да тоналған. Әкімнің киімдерін де алып кеткен. Компьютер, картиналар, қызметкерлердің жеке заттарын да алып кеткен. Өртке қарсы, қауіпсіздікке қарсы дабыл жаңа жөндеуден кейін адамның қатысуынсыз автоматты түрде іске қосылады. Қаңтар оқиғасында ол іске қосылмады. Өйткені, кабельді, инженерлік құрылғыларды алып кеткен. Қалалық мәслихаттың депутаттары енді бұл ғимаратта отырмайды. Олар Алмалы аудандық әкімдігінің ғимаратында отырады», - деді «ATRIX Group» құрылыс компаниясының бас директоры Әміржан Нәбиев.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев кабинетіне алдағы апта көшіп келеді. Әкімнің де, оның орынбасарлары отыратын кабинеттерге де жиһаз әлі толық қойылмаған. Алты қабаттың ғимараттың дәліздеріне бұрынғыдай кілем төселмейді.